Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елдегі дайын өнім шығару саласының ақсап тұрғанын ерекше атап өтті. Деректерге сүйенсек, шағын бизнестің небәрі 6 пайызы ғана тауар өндірумен айналысады. Президент мәселені шешу үшін инвестиция тартудың маңыздылығын айтып, негізгі күшті өңдеу саласына бағыттау қажеттігін жеткізді.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған үндеуінде басты міндеттердің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін атады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін биыл 1 триллион теңге бөлінген. Бұл қаражат кәсіпкерлерге төмен пайызды несие ретінде берілуде. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларға 2 миллиард доллардан астам қаржы тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал кәсіпорындарды жаппай цифрландыру арқылы қысқа мерзімде жоғары нәтижеге қол жеткізу көзделуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі – агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту. Әсіресе шетелдік инвесторлармен серіктестікті нығайту қажет. Бірақ бір жайтты ескерген жөн: егер отандық кәсіпкерлер заманауи талапты түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні тиімді қолдануды меңгермесе, табысты бизнес серіктестігін құру қиынға соғады. Министрлік мал шаруашылығындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету әрі экспорттық әлеуетті күшейту».
Президент азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайтуды стратегиялық мақсат ретінде қойды. Өйткені еліміздегі 2 миллионнан астам шағын бизнес субъектілерінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер үлесі 6 пайызға да жетпейді. Ет, сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпкер Тахирбек Нышанбаевтың айтуынша, мәселе дер кезінде дұрыс көтерілген. Оның пікірінше, дүкен сөрелеріндегі тауардың басым бөлігі шетелден әкелінуде. Бұған себеп – сала мамандарының аздығы мен жастардың бұл кәсіпке қызығушылығының төмендігі.
Тахирбек Нышанбаев, кәсіпкер: «Бүгінде мемлекет кәсіпкерлерге барлық мүмкіндікті жасап отыр. Президент қайта өңдеу саласының артта қалғанын атап өтті. Шынында да, өндірістің небәрі 6 пайызы ғана дайын өнім шығарумен айналысады. Негізгі мәселе – технолог мамандардың жетіспеушілігі. Мен ет, сүт өнімдерін өңдеумен айналысамын. Сол себепті саланы агроөнеркәсіпті дамыту, цифрландыру және ғылыми тұрғыдан жетілдіру арқылы күшейту қажет деп санаймын. Әрине, біз бұл бастаманы қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз».
Мамандардың пікірінше, дайын өнімді өзімізден шығару – бағаның тұрақтылығына, экономикалық ахуалдың жақсаруына сеп болмақ.
Ботакөз Әнуар