Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға берілетін төлемдер енді бірыңғай жүйеге келтірілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында айтты. Сондай-ақ Президент әлеуметтік саладағы олқылықтарды атап, Үкімет жұмысына сын айтты.
Елімізде «толық емес отбасы» деген жеңілдіктің енгізілуі ажырасу көрсеткішін айтарлықтай көбейткен. Салдарынан Қазақстан әлемде «некені бұзу» бойынша көш бастаған елдердің қатарына қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында осындай мәлімдеме жасады. Сондықтан, алдағы уақытта осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді бір жүйеге келтіру туралы тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз».
Президент өз жолдауында әлеуметтік саясаттағы кемшіліктерді де ашып көрсетті. Оның айтуынша, мәселенің түбіне үңілмей, тек уақытша шешімге жүгіну жүздеген артық жеңілдікке себеп болған. Салдарынан мемлекеттік қолдауды желеу еткен кейбір пысықйлар халыққа «көмек көрсетуді» бизнеске айналдырып алған дейді,- Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады».
Сондай ақ, Тоқаев Үкіметтің соңғы 15 жылда әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа жол бергенін сынға алды. Осыған байланысты ол демографиялық үрдістерді жан-жақты зерттеп, ұзақ мерзімге арналған шешімдер қабылдау қажет екенін айтты. Ал бұл саясат шымкенттіктер арасында түрлі пікір тудырды.
«Тексерген дұрыс. Байлар да алып жатыр ғой қазір. Миллиондап алса да, 4 балаға алып жатыр. Қайта сол байлардыкын реттеп, қарапайым адамдарға бөліп берген дұрыс деп ойлаймын»
«Расында да ондай көмек берілуі керек тиісті адамдарға. Мысалы, қазір қалтасында ақшасы бар, толыққанды жанұялар да алып жатқан жайттар болатын шығар. Сондықтан ол дұрыс. Тексерілуі керек. Келісемін».
«Болады негізі ондай өмірде. Тексеру керек қой. Дұрыс қой. Нақтысын білу керек қой»
Қорыта айтқанда, Үкіметтің ендігі міндеті – халықтың әлеуметтік жәрдемақыға сеніп отыруын азайтып, өз табысын тұрақты етуіне жағдай жасау. Сол үшін «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғаспақ. Айта кету керек, былтыр бұл бастамаға 845 мың адам қатысып, қаржылық сауатын көтеріп, заңгерден кеңес алған.
Лаура Бабас