Қауқарсыз қарияны қан-жоса етіп, соққыға жыққан азамат қамауға алынды

Егде жастағы қарияны соққыға жығып, аузы-мұрнын қан-жоса еткен азамат қамауға алынды. Жағаұстатарлық жағдай, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында орын алған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, зейнеткер күдіктінің туған әкесі көрінеді. Ер азаматтың мұндай қатігездікке не себепті барғаны белгісіз.

«Көрмейін десем көзім бар, айтпайын десем сөзім бар». Бұл қатыгездік, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында орын алған. Куәгер бұл видеоны қоршаудың тесігінен түсірген. Онда ер азамат, егде жастағы зейнеткерді ұрып-соғып, аузы- мұрнын қан-жоса еткен. Мұнысы аздай, жолай жер—жебіріне жетер сөзбен тілдеп, аяғыңды бас деп сүйрелей жөнеледі. Жанында бір әйел тұр. Қаннен-қаперсіз тұрған әйелдің бойы мұндай сұмдыққа үйреніп те кеткен дерсің. Тіпті сол маңда тұрған кішкентай баланың да бойынан қорқыныш байқалмайды.

Әлеуметтік желіде тараған, бейресми ақпаратқа сенсек, қауқарсыз қарияны аяусыз тепкілеп, таяқтың астына алған өзінің туған ұлы көрінеді. Сонымен қатар, желідегі ақпарат оны, есімі елге етене таныс асаба деп таныстырады. Аталған факт бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, ер азаматты қамауға алды.

Зейнеткер алған жарақатына байланысты, аудандық ауруханаға да жеткізілмеген. Бұл туралы облыстық басқарма мәлімдеді. Ал, жергілікті әкімдік қызметкерінің айтуынша, қарияның жаназасы 4 қыркүйек күні шығарылыпты. Қауқарсыз қалған қария алған жарақаттарынан қайтыс болды ма? Әлде жасы келіп, ажал құшты ма? Ол жағы белгісіз. Осы және өзге де сұрақтардың жауабы тергеу аяқталғанда белгілі болмақ.

Нұргүл Жолымбетова