Қоғамдық орындарды ластағаны үшін жаза күшейтілуде. Бұл өз кезегінде азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған шараның бір парасы.
Таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Соңғы жылдары елімізде экологиялық мәдениетті көтеру және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бірқатар құқықтық шаралар қабылдануда. Солардың бірі – қоғамдық орындарды ластауға қатысты жауапкершіліктің күшейтілуі.
Қоғамдық орындар – бұл барша халықтың ортақ игілігі. Алайда, өкінішке қарай, кейбір азаматтар мұны ескере бермей, қоқыс тастау, шемішке шағу, темекі тұқылын немесе басқа да тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырып кету секілді құқықбұзушылықтарға жол беруде. Мұндай әрекеттер тек көріністік жағынан ғана емес, экологиялық, санитарлық және әлеуметтік тұрғыдан да зиян келтіреді.
Осыған байланысты, елімізде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске енгізілген өзгерістер аясында қоғамдық орындарды ластауға байланысты айыппұлдар көлемі артты. Бұл шара, бір жағынан, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталса, екінші жағынан, құқықтық жауапкершілік арқылы тәртіпке шақыруды көздейді.
Мысалы, қазір белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұлғаларға салынатын айыппұл бірнеше есеге өсті. Сонымен қатар, құқық бұзған азаматтар тек айыппұлмен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға тартылуы да мүмкін. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елдерде өз тиімділігін көрсеткен.
Сарапшылардың айтуынша, жаза шараларын күшейту – бұл мәселені шешудің жалғыз жолы емес, алайда тиімді құралдарының бірі. Ең бастысы – әрбір азаматтың санасында қоғамдық мүлікке деген ұқыптылық пен ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Бір ғана мысал, Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 434-2 бабының 2-бөлігімен (ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды.
М. 2025 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласы, Әліби Жангелдин көшесінде орналасқан үйдің тұсында, яғни қоғамдық орында белгіленбеген орынға темекі қалдығын тастап, ортақ пайдаланатын орынды ластаған.
Сот не үшін және қандай шешім қабылдады: Құқық бұзушының кінәсі іс-құжаттарымен қоса, өзінің берген түсінігімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен және тағы да басқа іс бойынша жинақталған құжаттармен толық дәлелденіп, аталған мән-жайларға сүйене отырып, құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін, ал жауаптылықты ауырлатататын мән-жай бұрын осы тектес жауапкершілікке тартылғандығын ескеріп, сот М.-ны ӘҚБтК-нің 434-2 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тауып, оған сексен сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.