Шымкентте 10 тоннадан астам контрафактілік май жойылды

Шымкентте заңсыз өндірілген күнбағыс майының ірі партиясы жойылды. Арнайы операция кезінде тәркіленген он тоннадан астам өнім экскаватормен тапталды. Мамандар белгілі брендтің атын жамылған бұл майдың сапасы талапқа сай келмейтінін анықтады.

Бұл видеодан қолдан жасалған күнбағыс майын жою процесін көруге болады. Жүздеген бөтелке экскаватордың астына тасталып, жаншылуда. Заңсыз өндірілген бұл өнім айналымнан алынып тасталды.

Шымкент қаласы Әділет департаментінің қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп «Маслозавод №1» бренді атынан сатылған жалған өнімді әшкереледі. Тәркіленген май қаладағы қоймалардың бірінен табылған.

Мұхтар Әбдезов, Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы: «Тексеру кезінде жалпы көлемі 10 тоннадан асатын май анықталды. Құны 7 миллион теңгеден асатын өнім сот шешімімен тәркіленіп, толықтай жойылды. Бөтелке сырттай түпнұсқаға ұқсайды. Бірақ жапсырмасы дұрыс жабыспайды, қақпақта қажетті жазу жоқ. Жарамдылық мерзімі бөтелке мойнында көрсетілуі керек, ал мұнда қақпақта жазылған. Әрі дұрыс көрінбейді. Мұндай белгілерден өнімнің жалған екенін бірден білуге болады».

Дегенмен мамандар майдың нақты қайда және қалай өндіргенін анықтау мүмкін болмай тұр дейді. Сөздеріне сүйенсек, белгілі сауда маркасының өнімі ретінде сатылған май – сапасыз.

Мұхтар Әбдезов: «Құқық бұзушылық көбіне азық-түлік, балалар ойыншықтары, киім-кешек өнімдерінде орын алады. Брендтің атын жамылғандықтан тауар жақсы өтеді. Көшірме өнімдердің басым бөлігі шетелде жасалынады. Дегенмен елімізде де ондай жәйттер тіркелген».

Жыл басынан бері 8 айдың ішінде Әділет департаменті 23 әкімшілік іс қозғады. 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ал заңсыз айналымнан құны 20 миллион теңгеге жуық 36 мыңнан астам жалған өнім шығарылды.

Ботакөз Әнуар