Шымкенттің экс-депутаты сотқа масаң күйде келген бе?

Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиев сот отырысына тағы келмеді. Сот отырысы тағы бір аптаға шегерілді. Экс-депутаттың сотқа келмеу себебі неде? Келесі сюжеттен қарап білейік.

«Қорлау» бабымен айыпталған Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиев сот отырысына тағы келмеді. Бұдан бұрын тағайындалған сот отырыстарына себепсіз келмеген оған іздеу жарияланған болатын. Көп өтпей полиция Дәулетәлиевті тауып, сотқа жеткізген. Сөйтіп сот істі тоқтамға алып, қайта жаңғыртуға мәжбүр болған.

«Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігімен айыпталып сотқа берілген жекеше айыптаушы Жамбаев Ескендір Ержанұлы айыпталушы Дәулетәлиев Қуаныш Әмірсейітовичке қатысты қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты іс жүргізуге жаңғыртылсын және басты сот талқылау тағайындалсын»

Сот кабинеті жүйесі

Сот кабинеті жүйесіндегі құжаттарға қарағанда, Дәулетәлиевтің ісі судья Асхат Есеновке түскен. Ол істі қарауды 9 қыркүйекке белгілегенімен, 16 қыркүйекке қалдырған.

«Сот отырысының кейінге 16 қыркүйек сағат 16:00-ге қалдыру себебі: сотталушының келмеуі немесе оның сотқа мас күйінде келуі»

Сот кабинеті жүйесі

Сот отырысының қысқаша хаттамасында сот отырысы үзілісті қоса алғанда 12 минутқа созылған. 50 жастағы Дәулетәлиев бұдан бұрын сот отырысына себепсіз 3 рет келмеген. Полиция үйіне барғанымен, оны таппаған. Содан кейін сот оған іздеу жариялаған.

Экс-депутатты іздеу туралы ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған. Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.

Дилара Иса