Шымкенттегі базарларда сиыр етінің келісі 100-200 теңге шамасында арзандағаны байқалды. Десе де тұрғындар мұның өзі қалтаға салмақ дейді. Саудагерлер ет бағасының төмендеуі Өзбекстанға ет экспортының уақытша тоқтағанымен байланыстырады.
Шымкентте сиыр еті 200 теңге, қой еті 100 теңге шамасында арзандады. Мысалы, дәл қазір қой етінің келісі орташа есеппен 3800 теңге, сүйегі бар сиыр еті 4200 теңгеге түскен. Ет сатушылардың сөзінше, бұл Өзбекстанға ет экспортын уақытша тоқтатумен байланысты. Ет сатушыларға шекара ашылса баға қайта көтерілуі әбден мүмкін.
«Қойдың бағасы төмендемеді онша. Шамалы ғана төмендеген шығар, 50 теңге, 100 теңге төмендеп қалды, сол баяғы баға. Негізі баға өте қатты көтерілді. Жақында өзім Ташкентке барып келдім. Ол жақта ет 7 мың теңге болып жатыр. Өзбекстанның қасапшылары бізге қарай келіп 4 мың теңгеден етіміздің бәрін сыпырып жатыр. Соның кесірінен қасапшылар бізге ет бермей жатыр».
Жанмұрат Мұсаев, сатушы: «Шекара жабылды қазір. Екі аптадай болып қалды. Соған баға түсті. 200 теңгеге түсті бағасы. Енді жәй-жәй түседі меніңше. Шекара жабық болған соң мал көбейді түсуі мүмкін сәл. 4200 сатқан едік, қазір 4100-4000 сатып жатырмыз. Алушылар сәл азайған қазір. Неге десеңіз қазір жіліктің маусымы басталды. Жілік арзан болып жатыр. Көбі жілік алып жатырмыз дейді. Базарға келгендер 10 келінің орнына 5 келі алады».
Саудагерлердің сөзінше, ет сатып алушылар азайған. Баға жыл басынан есептегенде дерлік екі есе өскенін айтады. Еттің күрт қымбаттауы тұрғындардың қалтасына салмақ болып тұр дейді. Дәмхана, мейрамханалардың өзі ет алуды азайтқан. Тұрғындар, әсіресе, сиыр етінің бағасы у мен заһар болғанын айтып, шағымданады.
» 5000 мыңнан алдым мысалыға сиырдың етін. Ана жақтан іздедім, келінім босанған, фарш қылайын деп сиырдың етін іздесем 5000-нан. Барлық жер түспейді. Әрине, қиын. Зейнеткерміз, жарты ақшамыз осыған кетеді. Өте қиын біздерге. Мал деген сұмдық өсіп тұр».
«Қазір ғана сиярдың етін алып жатырмын. Өте қымбат деп айтамын. Жұмсақ етін 5200-ден, сүйек араласқанын 4200-ден беріп жатыр. Өте қымбат деп санаймын. Былтыр осы уақытта 200-2500 көлемінде болған ет 100 пайыздан астамға көтеріліп отыр. Не өзгергенін түсінбеймін. Мысалы, қазір бір 8 келі ет алдым есебіне жете беріңіз 40 мың теңгеден асып кетті. Мұның өзі жақсы тенденция емес деп ойлаймын».
Шілде айының ортасында Шымкентте сиыр етінің бағасы 20 пайызға өсіп, 5 мың теңгеге жеткен. Мұны сатушылар жем-шөптің қымбаттауы мен еттің шетелге, әсіресе Өзбекстанға экспортталуынан көрген. Сарапшылар жем-шөптің тапшылығынан күзде ет бағасы бұдан да өсуі мүмкін деген.
Ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласына еттің негізгі бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде Қарабұлақ елді мекеніндегі мал сою алаңдарынан жеткізіледі. Онда сиыр етінің көтерме бағасы 3 500–3 600 теңге көлемінде. Ал қалалық сауда орындарында бөлшек сауда бағасы 3 800–4 000 теңге шамасында. Қала әкімдігі жұмсақ етті емес, сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігін реттей алады. Ал оның келісі әлеуметтік сауда орындарында 3 мың теңгеге жетпейді деп сендіреді.
Дилара Иса