Сот іздеу жариялаған экс-депутаттың ісі жабық қарала бастады

Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиевтің ісі сотта жабық қаралатын болды. Судья мұны тараптардың жеке өміріне қатысты мәліметтермен байланыстырған. Мәселенің мән-жайын алдағы сюжетте айтамыз.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Қорлау» бабымен айыпталған қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиевтің ісін қарай бастады. Іске төрағалық етіп жатқан судья Асхат Есенов істі жабық қарау туралы қаулы шығарған. Істі жабық қараудың себебін былай түсіндірген:

«Тараптардың жеке өміріне қатысты мәліметтер қаралуына байланысты, жеке айыптау ісі жабық сот отырысында қаралуға жатады»

Сот кабинеті жүйесі

Сот кабинеті жүйесіндее жарияланған істі іс жүргізуге жаңғырту туралы және басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыға қарағанда, экс депутаттың үстінен жеке айыптау шағымын Ескендір Жамбаев түсірген. Ол іс бойынша жәбірленуші болып танылған. Шағым көшірмесі Дәулетәлиевке берілген. Кеше тағайындалған сот отырысына айыпталушы келген және одан жауап алынған. Бұл туралы сот хаттамасында жазылған.

«Төрағалық етуші өз орнында отырып қаулы етті. Филологиялық сараптама тағайындалды»

Сот отырысының қысқаша хаттамасы
Сот кабинеті жүйесі

50 жастағы Дәулетәлиев бұдан бұрын сот отырысына себепсіз 3 рет келмеген соң оған іздеу жарияланған. Экс-депутатты іздеу туралы ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған.

Кейіннен полиция оны тауып, сотқа жеткізгенімен тағын бір сот отырысы кейінге қалған. Сот мұны сот хаттамасында «сотталушының келмеуі немесе оның сотқа мас күйінде келуі» деп түсіндірген. Қуаныш Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған.

Дилара Иса