Тозығы жеткен жылу желілері жаңартылды

Күншығыс шағын ауданында ұзындығы 454 метрді құрайтын ескі жылу желілері ауыстырылды. Жаңғырту нәтижесінде тұрғындарға жеткізілетін жылудың сапасы жақсарды дейді мамандар. Жоба жауапты мекеменің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Күншығыс шағын ауданында тозығы жеткен жылу желілері жаңартылды. Жалпы ұзындығы 454 метр болатын құбырлар ауыстырылып, тұрғындарға жеткізілетін жылудың сапасы арта түсті. Қайта құру жұмыстарына 16 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаржы жергілікті қазынадан емес, жауапты мекеменің инвестициялық жобалары арқылы бөлініпті.

Айдар Қалдыкөзов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директорының орынбасары: «Бұл инвестициялық бағдарламалардың негізгі көрсеткіштері жұмсалған қаржының қандай оң нәтиже көрсететінін, жылу сапасына қалай пайдасын тигізу. Бұл қазір көрсетілген жұмыстардың барлығы толығымен аяқталған. Бұл өз кезегінде нормативті ысыраптарды 0,1 пайызға түсіреді. 24,5 пайыздан 24,4 пайызға түсіріп отыр»

Аталған инвестициялық жобалар 2022 жылдан бері іске асырылып келеді. Бағдарлама шеңберінде қаладағы жылу желілерін жаңартуға 80 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Дегенмен, мәслихат депутаттарының пікірінше, бұл сома жеткіліксіз. Сондықтан олар қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Мен өзімнің көзқарасым бойынша бұл сома жеткіліксіз болуы мүмкін. Табиғи монополия қызметкерлерімен сөйлессем бұл жылдан жылға көбейе береді дейді. Бұл енді бастамасы шығар. Бірақ ең бірінші біздің мақсатымыз тұтынушыға , бюджеттік мекеме, аурухана, балабақша болсын ол жерде жылу болу керек. Негізгі басты мақсат осы»

Жалпы алғанда, негізгі жобалардан бөлек қала бойынша 90-ға жуық нысанға жөндеу жасалды. Жауапты мекемелердің мәліметінше, өткен жылыту кезеңінде анықталған ақаулардың барлығы дер кезінде реттеліп, жойылған.

Айдар Қалдыкөзов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директорының орынбасары:
«Жұмыстардың бәрі толығымен аяқталған. Жылыту маусымынан кейін ақаулар толығымен жойылды»

Айта кетсек, орнатылған жаңа жылу құбырларының пайдалану мерзімі 10-15 жыл. Келер жылы жоспарға сәйкес Уәлиханов көшесіндегі 700 метрге жуық құбыр ауыстырылады дейді жауаптылар. Бұл мақсатқа да 16 млрд теңгеден артық қаражат қарастырылып та қойыпты.

Лаура Бабас