Кентау ЖЭО жабдықтарының 90 пайызына жуығы тозған

37

Кентаудағы жылуэнергоорталығының іргетасы осыдан 90 жылдай бұрын қаланған. Әбден тозығы жеткен қазандықтар, жылу жүйелері соңғы рет күрделі жөндеуден 2014 жылы өткен. Онда да орталықта үлкен апат орын алып, билік жаңалауға қаражат тапқан еді.

Биылғы жылыту маусымында Екібастұздағы ЖЭО-дағы ірі апат үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрледі. Жөндеуді қажет ететін нысандар қатарына, тозығы жеткен Кентаусервис мекемесі де кірген еді.

14 мың тұтынушысы бар «Кентау сервис» МКК 226 көпқабатты үйді, 2200 жеке секторды, 106 бюджеттік мекеме, 4 мың коммерциялық нысанды жылумен қамтып отыр. Жылуорталығының мына бөлігі жапондықтармен 1934 жылы салынса, ал кірпішпен қаланған ғимараты 1952-1954 жылдары бой көтерген.

Әшірхан Төлеу, «Кентау-Сервис»МКК директоры: «Бастапқыда Ащысай комбинатының меншігінде болған «Жылуэнергорталығы» бірнеше рет жекеге өтіп, 2011 жылы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып құрылды».

Өткен ғасырдың 30 жылдары іргетасы қаланған ЖЭО-5 -дағы қазандықтар, жабдықтар және шаһар аумағындағы магистралды жылу құбырлары әбден тозығы жеткендіктен  2012 жылы сыр берген. Апаттың салдарынан жылусыз қалған Кентауда төтенше жағдай жарияланып, шұғыл штаб та құрылған еді.

Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі / 2012 жыл/: «Тез арада қабылданған іс-шалардың нәтижесінде әлеуметтік нысандар жылу жүйесіне  қосылды. Кентау қаласында құрылған штаб  барлық жұмысты үйлестіріп отырды. Көп ұзамай  кентаулықтар жылу берілді».

Кезекті апаттың алдын алу мақсатында 2014 жылы орталықта күрделі жөндеу жүргізілді. Қаржының тапшылығы салдарынан мекеме соңғы алты жылда тек ағымдағы жөндеумен шектеліп келеді.

Әшірхан Төлеу, «Кентау-Сервис»МКК директоры: «Қазақстан бойынша капремонт 5 жылда болып тұру керек. Мерзімдері  өтіп кетті. 6 қазандықтың 3 қазандығы күрделі жөндеуді талап етеді. Магистралды жүйелердің 21 шақырымын ауыстыру керек. Оларды алдағы екі жылда: келер жылы 14 шақырым, сосын 6 шақырымды жаңалау ұсынылды».

Қала аумағында орталықтан тартылған 38 шақырым жылу жүйесінің 17 шақырымы 2015-2016 жылдары алмастырылды. Екібастұздағы ЖЭО орын алған апат үкіметтің ел аумағындағы орталықтардың жағдайына аудит жүргізуге мәжбүр етті.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі: «Мемлекет басшысының тапсырмассымен арнайы комиссия құрылды. Бірінші кезекте  мәселесі шешілуі тиіс. ЖЭО қызыл аймаққа  енгізілді. Ол тізімде  Кентау ЖЭО  бар. Мүнда азақндықтар мен жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозығы жеткен».

Талай қиындықтарды бастан кешкен кентаулықтар бүгінде барлық мүмкіндікті пайдаланып қаланы жылумен үздіксіз қамту бағытында қызмет етуде.

Серік Сүйіндіков, «Кентау-Сервис» МКК-нің ауысым бастығы:  «Қазіргі таңда  4 қазандық жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең қар жауды  орталықтан шыққан жылудың температурасы 67 градусты – 70 градусқа  жеткіземіз».

Кеңес Одағы дәуірінен қалған мына құрылғыларды тез арада жаңалау қажет. Сондай-ақ газды турбинаны да алдағы маусымда міндетті түрде жаңа, замануи нұсқасына алмастыру қажет дейді орталық басшысы.

Жылуэнергорталығының жұмысы қала басшылығының қадағалауында. Орталыққа керек отын-көмірдің қоры да жеткілікті дейді салаға жауапты маман.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Биыл 720 млн. ақша бөлінді.  Қазандықтар ағымдағы жөндеуден өтті. Шағымдар жоқ емес, бар. Мәселе туындаса , «Жылуорталығының» мамандарымен бірлесіп  тез арада  шешуге тырысудамыз».

Жылу маусымында қаладағы барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшкен. Оны тұрғындар да растап отыр. Шағымдар бойынша да дер кезінде шара көрілуде,- дейді.

Эльмира Дүйсенова, Кентау қаласының тұрғыны: «Пәтерлеріміз Кентауда жылы, ана жолы 2-3 күн үйде де, жұмыста да жылу болмаған еді. Тез қосты. Қазір шағым жоқ».

Айтпақшы, Кентауда жылуға ең төмен тариф – 44, 50 теңге, ал ҚҚС-мен 50 теңге. Кеншілер қаласы тұрғындарының тілеуі бір жылу маусымы еш күрделіксіз апатсыз өтсе дейді. Ал алдағы жылу беру маусымына үкімет тарапынан берілген тапсырма ойдағыдай орындалса, кентаулықтар жылусыз қалмайтын болады.