Шымкентте 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен жәрдемақысын қолдан көбейтіп, заңсыздыққа барған 29 жастағы тұрғын сотталды. Ол өз әрекетімен мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорына 22 миллион теңге зиян келтірген. Сот бұл ақшаны өтеуді сотталушыға міндеттеді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 29 жастағы әйелді «алаяқтық жасады» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды» деп таныды. Сот оны 21 жүкті әйелдің әлеуметтік және зейнетақы жарналарына тиісті төлемдерді жасанды жолмен көбейтіп, мемлекет тарапынан жүкті әйелдердің босанғанға дейін берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдерді бекітілген мөлшерден бірнеше рет артық алуға көмектескен деп тапты. Ол бұл үшін 40 кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын заңсыз пайдаланған.
«Сотталушы Жанат Дүйсенова 2024 жылдың сәуір-желтоқсан айлар аралығында ешқандай жұмыс атқармаған 21 жүкті әйелді жеке кәсіпкерліктерге жұмыс істеді деп тіркеген. Олардың аттарынан әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын төлеп, қордың лауазымды тұлғаларының сенімін теріс пайдалану арқылы «Мемлекет әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамына 21 809 917 теңге аса ірі көлемде шығын келтірген»
Сот кабинеті жүйесі
Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған. Ол тапқан табысының бір бөлігін алған пәтерінің алғашқы жарнасын төлеуге жұмсаған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыу қоры» акционерлік қоғамы айыпталушыға кешірім берген. Сот сотталушының кінәсі толық дәлелденді дейді.
«Дүйсенова Жанат Байділләқызы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағында, 218-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны бойынша кінәлі деп танылсын. Оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын»
Сот кабинеті жүйесі
Сотталушы жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот оның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын ескеріп, жазаны өтеу уақытын 3 жылға шегерді. Дүйсеновадан жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын, яғни 22 миллион теңгеге жуық материалдық зиян өндірілетін болды. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Дилара Иса