Жылу мардымсыз болғанына тұрғындардың өздері кінәлі ме?

328

Күн суытқалы Галина Пчелинцеваның үйі бір жылымай-ақ қойды. Мардымсыз жылу жарытпаған соң, қосымша жылу құрылғыларын қосуға тура келгенін қызы айтып отыр.

Тұрғындар пәтерлерін газ пешімен жылытуда

Людмила Заболотная, А. Байтұрсынов көшесіндегі үйдің тұрғыны: «Газ пешін қосамыз, күндіз өшіріп, кешкі уақытта қайта қосамыз. Амалымыз нешік? Тоңып қалмас үшін жылы киініп, төсекке оранып жатамыз».

Жылудың мардымсыз екендігін А. Байтұрсынов көшесіндегі 67 «а» үйдің өзге де тұрғындары растап отыр. Пәтерлерінің биыл да  жылымай қойғанын жеткізді.

Қанатбек Төкенов

Қанатбек Төкенов, А. Байтұрсынов көшесінің тұрғыны: «Соңғы жылдары жылу аз. Батареяда жылу жоқ, шәй қолыңда суиды. Жылуға 10 мың теңге шығыпты. Жылуымыз мардымсыз болса да төлейміз. Амал жоқ».

77 пәтерлі үйдегі жылуға қатысты күрделілікке «Қуатжылуорталық-3» мекемесіндегілер де қанық. Жертөледегі элеваторға дейін жылу келіп тұрғанын көрсеткен маман, пәтерлер неге жылымай отырғанын түсіндірді.

Талғат Мусірәлиев, «Қуатжылуорталық-3» МКК өкілі: «Тұрғындар 500 теңге жинап, қысыммен тексеру жұмыстарын жасадық» дейді. Қысымы қалай? Батареяларды ауыстыру керек. Сосын ол жұмысты жазда жасау керек қой. Қызмет көрсетуге жылу берушілермен келісімшарт түзсін. Үй  иесіз. Барлығы тозған».

Бірінші қабатта жылуды толық алып отырған Самал Алжігітова келісімшарт түзуге және тұтынған жылу үшін төлем жасауға дайын.

Самал Алжігітова, А. Байтұрсынов көшесіндегі үйдің тұрғыны: «Қуатжылуорталығы-3″ мекемесімен қызмет көрсетуге келісімге тұрсақ жақсы болады. Өйткені өздері қосады және бір ақау шықса жөндейді».

«Қуатжылуорталық- 3» мекемесі мамандары екінші подъездің астындағы жертөлесіндегі құбыр жарылған ақауды жөндеуге кірісті.

Жертөледегі құбыр жарылды

 

Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізген жылу берушілер тез арада жылу қосатынын айтты.

Шынар Оразова