Мектеп оқушылары «Жүргізушілерге хат» жазды

2051

ТО ПД-нің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмаудың түрлі шаралар кешенін іске асыруда. Осы бойынша үнемі полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң тұрғысынан ақпараттандырып келеді.

Мейлінше рейдтік іс-шаралар кешенін іске асырып, нәтижелері БАҚ-та жариялануда. Жылдамдықты асырып, жол белгілеріне назар аудармайтын, қарсы бетке шығып немесе мас халде көлік тізгіндеп, апатқа себепші болған жүргізушілерге арнап, жасөспірімдердің тілегі арқылы жүргізушілерге ой салуға талпынуда. Облыс бойынша жол апатынан қаза тапқандардың санын азайтуды көздеген сақшылар «Жүргізушіге хат» акциясын өткізуде.

Мәселен, сәуір айының соңында Арыс ауданында полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Жүргізушіге хат» акциясы мектеп оқушылары арасында өтті. Шығармашылық акцияда жоғарғы сынып оқушылары өздерінің жүргізушілерге арнаған хаттарын, жүрек түкпіріндегі тілектерін, орамды ойларын ақ қағазға түсірді.

Әрбір оқушы өзінің ойын сөзбен жеткізуге, көлемді етіп жазуға мүмкіндік алды. Полиция қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерінен арнайы комиссия құрылып, шығарма жазған оқушылардың жазбалары талданып, сараланып, ішінен оза шыққандарына арнайы алғыс хаттар табысталды.

Арыс қаласы №1 Е.Молдабаев атындағы жалпы орта мектебінің 7 «а» сынып оқушыларының жазған шығармаларын, комиссия мүшелері, яғни сынып жетекшісі Клует Майра мен мектеп директоры, полиция қызметкерлері оқып, талдап, Әбдімүтәліп Дариға мен Жаннұр Тұңғышбектерді бір ауыздан жеңімпазға лайық деп таныды.

Сынып оқушысы Жаннұр Тұңғышбек өзінің жазған шығармасында «Кейбір жүргізушілер бір-бірлеріне жол бермейді. Көлікті бар жылдамдықпен айдап, жол апатын жасайды. Бағдаршамды да елемей өтіп кете береді…» деп жазса, екінші оқушы Дариға Әбдімүтәліп «Ішімдікке сылқия тойып, жиыннан шыққанда көлік басқаратын жүргізушілер мен жылдамдықты асыратын жүргізушілердің апатынан адамдар қаза болып, балалары жетім қалады» деп өздерінің ойларын ашық және айқын жеткізді.

Осылайша, білім ордасының ұжымы мен оқушылары полицейлердің бұл бастамаларына ерекше ризашылықтарын білдіріп, қолдайтындығын, хаттарының жүргізушілердің назарына ілініп, жол апатының азаятындығына сенімдерін білдірді.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі