Бір тұрғынға – 100 мың теңге: қалай береді?

193

24 маусымда Арыс қаласындағы жарылыстан бас сауғалап, жан-жаққа ағылған жұрт 28 маусымда үйлеріне оралды. Шымкенттегі эвакуациялық пункттерде қоныстанған жұртшылық «Астан-кестең жарылыс күнінен әбден қорқып, жүрегі шайлығып» қалғанынан болса керек, Арысқа оралудан қорқатындарын қайта-қайта айтты.

Арысқа қайтпайтындарын, Шымкент не тағы басқа аймақтан жер, үй беруін сұрап, 27 маусымда Шымкент көшесімен шерулетіп жүріп өтті. Сол шерудің ертеңіне Түркістан облысының әкімдігі шұғыл түрде эвакуациялық пункттердегі арыстықтарды автобус-автобусқа жинап, таңмен таластырып Арысқа жеткізіп салды.

29 маусымда Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған делегация Арысқа келіп кетті. Арнайы мәжіліс өткізді. Ол осы мәжілісте Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданғанын хабарлады. Бұдан бөлек тағы басқа түрлі көмек берілетінін айтты. Сол көмектердің арасынан елді елең еткізгені әрбір тұрғынға 100 мың теңге берілетіні туралы хабар болды.
Күні кеше Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев алдағы екі апта көлемінде Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге беріле бастайтынын мәлімдеді.
– Өздеріңіз білетіндей, Арыс қаласының 44781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатты орындау үшін 4 миллиард 478 млн 100 мың теңге қажет. Оның 1 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Ол арнайы сессияда қаралады. 2 миллиардты республикалық бюджеттен, қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қорға түскен бір тиынға да тиіскен жоқпыз. Ол Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлгереміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ж. Аманбаев.
Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де тиісті төлемдер тәртіпке сай уақытылы беріліп жатқанын мәлімдеді.
– Қаржыдан мәселе жоқ. Зейнеткерлеріміз, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарымыз әдеттегідей, «Қазпочта» және «Халықбанк» арқылы ақшаларын алса болады. Сондай-ақ, екі мыңдай зейнеткерімізді ардагерлер үйлеріне және мүмкіндігі шектеулі 140-тай тұрғынды оңалту орталығына жіберуді жоспарлап отырмыз,-деді ол.

/ontustik.gov.kz/