Құрмет Талапқазыға баспана сыйға тартылды

186

2021 жылдың маусымында Батыс Қазақстандағы қуаңшылық кезінде мал азығын жинауға көмектескен Құрмет Талапқазыға бүгін жаңа баспананың кілті табысталды. Жаңа шаңыраққа керек қаражатты «Құрметке құрмет» атты акция аясында халық жинап берген.

Жаздағы қуаңшылық кезінде Батыс Қазақстанға жем-шөп жинауға көмектескен Құрмет Талапқазы жаңа баспанаға кірді. 24 жасар азамат халықтың жасаған мұндай сыйына үлкен алғысын білдіруде. Құрмет Талапқазы өзіне арналған акцияның жүріп жатқанын білген екен. Дегенмен егер қаражат жиналса көмекке мұқтаж жандарға жұмсаймын деп ойлаған ол, «бұл үлкен тосынсый болғанын» айтады.

Құрмет Талапқазы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қиналып жатқан ел-жұрт көп қой, жиналған қаржыны қайырымдылыққа салайын деп едім, оған бой бермей, ақшаны бермей осылай алып беріп тастады. Көмектескен кәсіпкер, қарапайым халқымызға рақмет! Алғысым шексіз! Бүгін қуанышқа кенеліп, құрбандық шалып, қуанышымызды елмен бөлісіп жатырмыз».

3 бөлмелі жаңа баспананың аумағы 8 соттық екен. Үйдің ауласында шағын дүкені бар. Жалпы құны 18,5 млн. теңгеге сатып алынған. Қаражаттың жартысы халықтың қолдауымен 2 күннің ішінде жиналған екен. «Құрметке құрмет» акциясының бастамашысы болған Мақсат Толықбай «елім дейтін ер барда, халық та қолынан келген көмекті аямайды»,- дейді.

Мақсат Толықбай, журналист: «Ондай ақша жинала ма деп ойлаған едік, халық бірден қолдады».

Үйге керек қаражаттың қалған бөлігін берген жомарт азамат Дулат Тастекеев те Құрметтің халыққа жасаған қызметі мұндай құрметке әбден лайық екенін айтты.

Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспанаға ие болған азамат ата-анасын елге әкелуді жоспарлап отырғанын айтады. Сонымен қатар, келер жылы жаңа шаңыраққа келін түсіріп, отбасын құрсам дейді.

Еске салайық, Құрмет Талапқазы бірнеше азаматпен бірге маусым айында батыстағы қуаңшылық болған өңірлерге 6 вагон жем-шөп жинап, көмекке жіберген еді.

Гүлдана Дәурен