«Рамазан тәттісі» республикалық қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады

141

Биыл Рамазан айы 2 сәурде басталып, 1 мамырда аяқталады. Осыған орай 30 күнге созылған Оразадағы қайырымдылық шаралар, Рамазан айының ережелері мен тәртіптері, ауызашар рәсімдері жайлы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов пен дінтанушы Мұхамеджан Естеміров айтып берді.

Биыл балалар жылына орай тәрбие мен тағылымға толы Рамазан айында мектеп және балабақшадағы балаларға арналған «Рамазан тәттісі» республикалық қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2022 жылғы діни күндер күнтізбесін бекітті. Ондағы кестеге сүйенсек, Рамазан айы 1 сәуірде кіреді, ал қасиетті айдың оразасы 2 сәуірде басталады. Қадір түні 27 сәуірден 28-не қараған түні болады. Биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. 30 күнге созылатын қасиетті айда мұсылмандар Қанағат пен мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды мінезді қалыптастыруға тырысады.

Бақдәулет қажы Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Әкіммен  ақылдасып,  оразада  1 мың қайрымдылық қоржынын жасап таратамыз. Іс – шара қаладағы орталық мешіттен бөлек, 4 аудандағы мешіттерде өтеді».

Қаланың бас имамы оразада ауыз ашар беремін деген азаматтар үшін мешіттердің есігі ашық екенін айтты. Ал бас муфти кәсіпкерлерді қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары: «Биыл балалар жылы сондықтан Оразада мектеп пен балабақша балаларына қолдау көрсетіп «Рамазан тәттісі» қайырымдылық іс-шарасын өткіземіз».

Ораза тұтудан бала емізетін аналар, науқастар босатылады. Алайда қарыз күндерін сауыққаннан кейін өтеуі тиіс. Бұл ереже сапарға шыққан азаматтарға да қатысты. Діни басқарма жанындағы «Зекет және қайырымдылық қоры» ұйымдастырған шараларына биыл 500 ерікті қатысып жерлестеріміздің ықыласына бөленді. Былтыр Каспий қосымшасы арқылы Орталық мешіттің есеп шотына 8 млн. теңге түсіпті. Ауыз ашар өткізуге 2 млн теңге жұмсалған.

Сауабы еселеніп жазылатын қасиетті рамазан айында әрбір ізгі ниет қабыл болғай.

Шынар Оразова