Мәди Манатбек: Қазақтың өз жерінде екінші сортты ұлт болуы жаныма батады

Мәди Манатбек
Мәди Манатбек

Бүгінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының  орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Мәди Манатбек телевизиядағы алғашқы қадамын «Отырардан» бастаған тележурналистердің бірі. «Отырардың»-20 жылдығы қарсаңында Мәдимен кешегі күндер жайындағы естелігін сұрап, сұхбаттасқан едік.

– Сіздің «Отырар» телеарнасында шыңдалғаныңызды білеміз. Телеарнаның өміріңізде алатын орны қандай?

– Үлкен экранға жол тарту үшін қашанда алғашқы жасаған қадамыңның, алғаш тұсауыңның қайда кесілгені үлкен рөл атқарады. «Отырар» телеарнасы менің көзіме қашанда ыстық көрінеді. Эфирге алғаш шыққан кез келген журналисте, жүргізушіде толқу басым болады. Кейбіреулер сол толқуды өмір бақи жеңе алмай кетеді. Алғашқы толқу, алғашқы эфир, алғашқы қадам осы аймақтық телеарнада бас- талып, шыңдалды. Өз басым аймақтық деп айтып отырғаныммен, телевизияны үлкен немесе кішкентай деп бөлмеймін. Кез келген телевизияның өз дәрежесінде атқаратын миссиясы үлкен. Мен де теледидардың алдында отыра бергеннен, айтарың болса, соның ішінде жүрген абзал шығар деп осы мамандықты таңдап алдым. «Телевизия – бұл кедейлердің байлығы, қараша адамның патшалығы, қара халықтың бекзада һәм ақсүйек әлемі» деген екен Ли Ловингер. Расында да, қазір үйіңді теледидарсыз елес-тету мүмкін емес.

Бүгінгі күні Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кітаптың орнын теледидар алмастырғанын мойындамасқа шараң жоқ. Бұл қуанарлық жайт емес. «Бай адамдардың кітапханасы бай болады, кедей адамның теледидары үлкен болады». Мен үшін телеарна – жылдам ақпарат алудың негізгі көзі. Телевизияның бірінші миссиясы – ақпарат беру деп білемін. Қазір жылдам ақпарат беруде интернет телевизиямен бәсекеге түсті. Сол бәсекеде бәсіміз төмен болмаса екен деп еңбек етіп келеміз.

– Көрермен сізді қандай бағдарламалар арқылы таныды? Ол кезде арнаның техникалық базасы қандай еді? 

– Телевизиядағы өмірім, алғашқы қадамым «Отырар» арнасынан басталды. Оған дейін бірнеше газеттерде тілші болып шыңдалғанмын. 2000-шы жылы «Шымкент келбеті» газетінде жүргенімде, сол кездегі тв жұлдыздары (әлі де жұлдыз әрине), қазақылыққа салып әпкелерім десем де болады, Зәуре Оралбаева мен Әлия Бөриева мені телеарнаға тартты. Мен басында барғым келмеді. Өйткені телевизияны түсінбеймін, жұмысы көп, оның үстіне жалақысы газетке қарағанда тым аз болатын. Бірақ жұлдыз әпкелерім Зәуре мен Әлия «сен жап-жассың, ал жастар телеарнада істеуі керек, өмірдің қызығы мен шыжығы телеарнада, газетке барғыш боп бара жатсаң, қартайып қарын шығарғанда барасың», – деп қолқалай берген соң көндім де кеттім. Атқарған жұмысыма келсем «Отырар» арнасында таңертеңгілік «Нұрлы арай» бағдарламасын жүргіздім, жаңалықтарға күнделікті сюжет жасап, сол жаңалықтардың жүргізушісі болдым. Спортқа арналған апталық «Топжарған» бағдарламасының редактор-жүргізушісі де едім.

Евгений Дробязко екеуміз күнделікті қылмыстық-хроникалық «Экстренный вызов» бағдарламасын да үзбей шығарып тұрдық. Өзіміз камераға түсіріп, апатқа ұшырағандарды өзіміз құтқарып, әйтеуір кірісіп кететінбіз. Мұнан бөлек шетелдік кино, мультфильм, теле-бағдарламаларды қазақшаға аударып, дыбыстаумен, бейнероликтер жасаумен айналыстым. Жастық шығар, албырттық болар, үйренсем, білсем, дәлелдесем деген жігер болар жұмыс қанша көп болса, сонша қуат алатынбыз. Шаршау деген жоқ. Қазіргі жастар да сондай жігерлі деп білем. Ал осы күні ойласам, аталған жұмыстардың барлығына қалай үлгергенмін деп таңданып отырамын. Ал ол кездегі арнаның техникалық базасының қандай болғанын өзіңіз де ішіңіз сезіп отырған болуы керек. Аймақтық телеарна түгілі, ірі қалалардағы техниканың да күні мәз емес кезеңдер еді ғой.

Техника саласының жылдам қарқынмен дамып келе жатқаны сондай, бүгінгі инновациялық технологияларсыз бұрын қалай өмір сүріп келгенбіз деп қайран қаласың. Ең соңғы техникамен жабдықталып, бірақ соған лайықты дүниелер көрсете алмасаң, нағыз жеңіліс сонда болады. Техникалық база үлкен рөл атқарады. Бірақ бағдарлама сапасы мен тереңдігі одан да биік тұрады.

– Біздің арнадан кейін «Астана», «31 арна», «Хабар» телеарналарында жаңалық жүргіздіңіз. Соңғы жылдары эфирден сізді көп көрмейтін болдық. Қайда жүрсіз?

– Даңқыңды шығару үшін 40 жыл сурет салу, 20 жыл бестселлер жазу, 10 жыл театрда басты рөлде ойнау, 5 жыл кинода жарқылдау керек. Телевизияның артықшылығы – бір ай эфирден жаңалық оқысаң, жоғарыда аталған адамдардың қатарына жарықтың жылдамдығымен барып қосыласың. Бірінші, танымал болу үшін аянбай тер төгесің, сосын біреу танып қоймасын деп көзіңе қара көзілдірік киіп жүретін боласың. Қазір «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызының орынбасары қызметін атқарып жүрмін.

Біздің корпорация елдегі ең ірі медиа құрылым. Корпорацияға «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Мәдениет» арнасы, «Балапан» арнасынан бөлек 14 облыстық телеарналар, «Қазақпарат» агенттігі, «Бірінші арна Еуразия» телеарнасы, ресми сайттар мен «Телерадио» журналы кіреді. Өзім тек қазақша хабар таратын, 55 жылдық тарихы бар, киелі шаңырақта қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Алуан түрлі арна бар, бірақ ұлттық арна біреу! «Әр қазақ – менің жалғызым» – деп Сабыр Адай айтпақшы, ұлттық арнаның мен үшін орны бөлек.

– Қазақ журналистикасында қазір сізді не мазалайды?

– Қазақ журналистикасында мені мазалайтын мәселе көп. Оны сіздің бір сұхбатыңызда талқылап тастауға газеттің мүмкіндігі көтермейді, уақытым да тығыз. Мен соның бір парасын ғана айтайын. Біз қазақ журналистикасының батыл, өткір, өжет болуын қалаймыз. Бірақ кейде сол батылдық пен өжеттікті қазақ менталитетіне жат, шектен шығып кететін анайылықпен шатастырып аламыз. Шығыс әлемі өзінің тәрбиесі мен мінез-құлқымен қашанда жұмбақ әрі нәзік келеді. Қазақ бағдарламасында өлген мәйіттің денесін қазып алып жыныстық қатынасқа түсіп жатқан азғындарды көрсеткен жағдайлар қоғамда біраз дүрбелең тудырды. Немесе эфирдің алдында шашын тақырлап алып тастаған қаракөздерді шоуға айналдырды. Осындай көзге түрпідей тиетін жағдайлар қазақ тіліндегі бағдарламаларда жиілей түскені аңғарылады. Сондайларды көргенде Вуди Аленнің «Лос Анжелесте бүгінде қоқысты жерге тастамайды. Оны телевизиялық шоуға айналдыратын болды» деген сөзі еріксіз есіңе түседі.

Ал қоғамда ше?

– Қайсысынан бастайын? Телевизия – қоғамның айнасы. Қазір адамдардың ештеңеге қолы тимейді. Таңертең жұмысқа келе жатып, дәл өзің сияқты асығып бара жатқан адамдар легін көресің. Нәпақасын табу үшін, несиесін жабу үшін ешкімге кешігуге болмайды. «Ештеңеге қолы тимейтін адамдар ештеңе істемейтін адамдар» деген қанатты сөз бар. Шындап ниет еткен адам бәріне де үлгереді. Бәріне уақыт табудың бір-ақ жолы бар. Ол көріп отырған теледидарыңды өшіріп тастасаң болғаны. Ал енді қалжыңсыз әңгіме айтатын болсақ, мені қазақ деген ұлттың өз жерінде екінші сортты ұлт болуы жаныма аяздай батады. Бұл менің жеке пікірім. Әркімде әртүрлі арман болады. Менің арманым – қазақ дейтін халықтың өзінің табанының астында тұнып тұрған төл байлығының шынайы қожайыны болған күнді көру. «Қазақстан» ұлттық арнасының ғана емес, тұтас қазақ елінің таза қазақ тілінде сөйлегенін көру. Соған менің қосқан титтей де болса көмегім – өз отбасымдағы үш баланы таза қазақ етіп тәрбиелеу, дос-жарандарыма, жан-жағыма қазақылықты насихаттау.

Жақында қабылданған Қазақстан журналистерінің этикалық Кодексі заңды құжат болмағанымен журналистердің құқығын қаншалықты қорғай алады деп ойлайсыз?

– Баяғыда Қожанасыр қазы болыпты дейді. Бірде оның алдына екі адам дауласып барыпты. Бірінші адам кіріп өз шындығын айтады. Қожанасыр оны мұқият тыңдап болған соң, сенікі дұрыс деп шығарып жібереді. Артынша оған қарсы дау айтып, екінші адам кіріпті. Қожанасыр оны да мұқият тыңдап алып, сенікі дұрыс, шындық сен жақта деп оны да шығарып жіберіпті. Бағанадан бері ошақтың қасында ас мәзірін дайындау қамымен жүріп, әңгіменің бәріне куә болған Қожанасырдың әйелі: – Қожеке, мұныңыз қалай? Сіз қазы емессіз бе? Дауласып келген екі адамның қалайша екеуінің де айтқаны дұрыс болады? Бір жаққа қазылықты жығып беру сіздің міндетіңіз емес пе? – десе,Қожанасыр, – ойлап тұрсам, әйелім, сенің де айтқаның дұрыс екен,- депті. Бұл кодекс заңды құжат болмағандықтан қажет емес дейтіндерге де, жоқ, журналистерге этикалық кодекс міндетті түрде қажет дейтіндерге де қосылуға болады. Ал оның қаншалықты тиімді екенін тек алдағы уақытта мәртебелі уақыт қана анықтай алады.

– «Отырар» телеарнасының ашылғанына биыл – 20 жыл. Мерейтойға деген ақ жарма тілегіңіз болса…

– «Отбасыңда бейбітшілікті сақтау үшін махаббат, шыдам, өзара түсіністік және жоқ дегенде екі теледидар керек»,- дейтін менің бір әзілкеш бауырым. Ал мен сіздерге әр отбасында он теледидар, жүз телеарна болса да, Отау ТВ-нің арқасында қазақ тек «Отырар» телеарнасын көрсін деп тілек айтқым келеді.

Сұхбаттасқан – Әйгерім Бегімбет