Шымкентке жаңа автобустар жеткізіліп, бағыт саны артады

538
Қалаішілік автобустың бағасы - 90 мың АҚШ доллары. Ал қалааралық көлік 180 мың көк қағазды құрайды дейді белорустықтар.

Биыл Шымкентке тағы 100 қоғамдық көлік әкелінуі мүмкін. Қазір осы мәселе бойынша қала әкімдігінің мамандары жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары мәлімдеді.

Қалаішілік автобустың бағасы - 90 мың АҚШ доллары. Ал қалааралық көлік 180 мың көк қағазды құрайды дейді белорустықтар.

Бүгінде Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдау қызметінде 27 көлік компаниясы бар. Олар 55 автобус бағытында 849 кестемен, 24 шағын автобус бағытында 339 кестемен (барлығы 1188 кестемен) қызмет атқаруда. Қазір Шымкентте қоғамдық көліктердің қызмет сапасын бақылау мақсатында бір айлық рейд жүріп жатыр.

Жарқын Байдуллаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Ережеге сәйкес, қоғамдық көліктерде медициналық қорапшалар мен өртке қарсы құрал-саймандар болуы тиіс. Сондай-ақ терезелері күңгірт болмауы керек және қоғамдық көліктер пердесіз болуы міндетті. Жалпы осындай кемшіліктер бойынша жүргізушілерге 3 рет ескерту беріледі. Егер олқылықтар түзелмесе, автобустар кестеден алынып тасталады.»

Маманның айтуынша, қалада қатынайтын шағын «Газельдерге» шектеу қойылып, олардың саны азаюда. Мысалы, жыл басында қала бойынша 29 бағытта 398 «Газель» көлігі жүрсе, қазір олардың саны 339-ға кеміп, 24 бағытта қызмет көрсетуде.

«Былтыр қаламызға 200 жаңа автобус әкелінді. Алдағы уақытта қаланы тағы да 100-ге жуық автобуспен қамтамасыз ету жоспарда бар. Газбен жүретін ол автобустар экологиялық жағынан өте тиімді. Шалғай аудандар мен қалаға қарасты елдімекендерге де жаңа кестелер жасап жатырмыз.»

Қазір Шымкенттен Ақтас елдімекеніне №35 бағыттағы автобус (таңертең, түсте және кешке) жүріп тұр. Бұдан бөлек биыл елдімекендер бойынша 8 бағыт қосылған. Жоспарда тағы 7 бағытты ашу бар. Автобустардың қатары артса, ол да жүзеге асады дейді жауаптылар.

Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ташқараев қоғамдық көліктерге қатысты бірқатар азаматтарға жеңілдік қарастыруды ұсынған болатын. Халық қалаулысының бұл ұсынысы қолдау тауып, 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап қала әкімдігі мен компания басшылығы өзара меморандум жасады. Нәтижесінде ҰОС ардагерлері, зағип жандар мен оларды ертіп жүретін бір азамат тегін жүре алатын болды. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне де дәл сондай жеңілдік бар.

Сәбит Тастанбек, shymkent.gov.kz