Шымкентте мектеп оқушылары ағаш екті

1135
Шымкентте мектеп оқушылары ағаш екті

Оқушылар сарайы ауласында Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі мен оқушылар сарайының ұйымдастыруымен Шымкенттегі 120-ға жуық оқушы қаланы көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттерін екті.

«Біз табиғат жанашырымыз». Осындай атаумен ұйымдастырылған акцияның мақсаты – жастардың табиғатқа деген құрмет сезімін оятып, оны аялап, жанашырлық танытуға үйрету. Табиғатты қастерлей білуге жетелейтін жиынға №27 жалпы орта мектебінің Жасұлан басшысы Мөлдір Өмірсерік те келген. Ол өз оқу орнының атынан бір түп ағаш отырғызды. Осында жиналған өзі сияқты жастардың белсенділігіне қуанып, мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса дейді.

Мөлдір Өмірсерік, №27 жалпы орта мектебінің оқушысы: «Бір тал кессең он тал ек» деген сөз бар ғой. Сол себепті оқушылар болып, қаланы көгалдандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Біз, жастар, табиғатты аялап, оған қамқорлықпен қарасақ, қаламыздың көркейуіне үлес қосқанымыз.»

Қалалық білім бөлімінің тапсырмасымен бастау алған акцияға әр мектептен келген оқушылар бір-бір дана гүлдерін де ала келіпті. Сондай-ақ, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі демеушілік жасады. Парк өкілдері көгалдандыру шарасына өз тұқымбақтарынан 50 түп ағаш көшетін тегін алып келген.

Шымкентте мектеп оқушылары ағаш екті

Қарашаш Бердиева, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы: «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен оқушылар сарайының ұйымдастыруымен осындай керемет игі іс жасалып жатыр. Біз былтыр гүл көшеттерін алып келген болатынбыз. Ал биыл ағаш көшеттерімен толықтырып жатырмыз. Осындай іс-шаралардың барлығы «Парктер шеруі» аясында өткізіліп келе жатыр. «Парктер шеруі» дегеніміз – 23 наурыз бен 5 маусым аралығында өтетін осындай табиғатты қорғауға бағытталған іс-шаралар. Бұл шарының аумағында тек көшеттер ғана егіп қоймай тазалық жұмыстарымен де айналысамыз.»

Көпжасаров Ислам, оқушылар сарайы директорының орынбасары: «Оқушылар сарайы ауласынан бастау алған іс-шараға қаламыздағы барлық мектептің оқушылары мен парк өкілдері арнайы қатысып, қолдау көрсетіп жатқандарына айтар алғысымыз шексіз. Бұл – «Жасұлан» штабының еңбек және экоәлем бағыты бойынша өткізіліп жатқан іс-шараларының бірі. Бұл акцияны ары қарай барлық мектептеріміз жалғастыратынына сеніміміз мол. Жасөспірімдеріміздің қоршаған ортаға деген аяушылық сезімін ояту мақсатында осылайша қызмет етіп жатырмыз.»

 

Ағаш көшетін отырғызу акциясы жастардың табиғат жайлы өлең оқып, ән айтуымен жалғасты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын игі іске жылда тек бір ауданның ғана оқушылары тартылатын. Ал биылғы ерекшелігі, қаламыздағы 4 ауданның барлық орта мектептерінің оқушылары қамтылды. Қаланы көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған науқан барлық мектептердің базасында жалғасын табады.