Құтқарушылар қызыл араның алып ұясын жойды

1557
Ара ұяны қамыстың арасына салған

Құтырынған қызыл ара! Таяуда «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны құтқарушылардан көмек сұрады. Бұл жолғы суыт хабар әдеттегіден өзгеше. Адамдар үйде қамалып қалған жоқ, бөлмеге жылан да кіріп кетпеді. Бірақ… жеке үйдің төбесіне қызыл ара ұя салыпты! Содан ұшып шыққан аралар үй иесі мен оның қызын шағып алған.

Ара ұяны қамыстың арасына салған
Ара ұяны қамыстың арасына салған

Оқиға орнына төтенше жағдай департаментіне қарасты шұғыл-құтқару тобының қызметкерлері келді. Олар дереу арнайы киімдерін киіп алып, араның ұясын іздеуге кірісті. Оны табу қиынға түскен жоқ. Ара ұясын үйдің төбесіне төселген қамыстың астына, қағылған жұқа тақтайшаның үстіне салыпты.

Құтқарушылар арнайы киімдерін киіп жатыр
Құтқарушылар арнайы киімдерін киіп жатыр

Анық болғаны, ара үйдің төбесін бірнеше жылдан бері ұялап алған. Осы уақытқа дейін шатырдың қуысынан ұшып шығып жүргендіктен, үйдің адамдары байқамай келіпті. Құтқарушылар тақтайшаны алған кезде бір топ ара гуілдеп ұшып шықты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZNZnyvS3N3E[/youtube]

Соңғы уақытта күн қайта ысығандықтан, аралардың белсенділігі де арта түскен. Жүздеген араның көзін құрту оңайға түскен жоқ. Бұл уақытта үй иелері далада тұрды. Себебі, қызыл араның уыты күшті, адам денесінің шаққан жерін ісіріп жібереді. Кейбір адамдарда қызыл араның уытына аллергия да кездеседі.

Араның ұясы кастроль қақпағының жартысын алып жатыр
Араның ұясы кастроль қақпағының жартысын алып жатыр