«Браконьер» рейді кезінде 120 000 теңге айыппұл салынды

272

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізді. Бұл тексеру Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 2014 жылдың 10 – 19-қазаны күндері Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында өтті. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

001
Фотосурет ғаламтордан алынды

Осынау рейд барысында 50 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері облыс аумағындағы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды, экологиялық қылмыстарды, сонымен қатар, биологиялық ресурс нысандары мен өнімдерінің заңсыз айналымын, аңшылық атыс қаруын пайдалану және тасымалдау ережелерін бұзу мен тағы басқа да заңбұзушылықтарды анықтады.

Іс-шараға қалалық және аудандық ішкі істер басқармаларының қызметкерлерінен жедел топ құрылып, әкімшілік және криминалдық полиция қызметкерлері және облыстық ішкі істер департаментінің тергеу және анықтау басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.

«Браконьер» 5 күндік жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 50 құқықбұзушылық дәйегі бойынша жалпы 120 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Соның ішінде:

Заңсыз аңшылық және аңшылық ережесін бұзу бойынша (Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 298-бабы, 1-бөлімі) – 26 факті,

Балық аулау ережелерін бұзуға қатысты (ӘҚБтК-нің 298-бабы, 1-бөлімі) – 10 дәйек,

Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу және зақымдау (283-бабп, 1-бөлім) – 3 дәйек,

Азаматтық қаруды пайдалану немесе тасымалдау ережелерін бұзуға қатысты (369-бап, 1-бөлім) 11 дәйек анықталған. Жедел-алдын алу іс-шарасының орындалуы ішкі істер департаменті басшылығының бақылауында болады.