Бір күнде жаңа екі мектеп пен балабақша ашылды

1168

Сайрам ауданы – Оңтүстіктегі ең халқы мол аймақтың бірі. Күні кеше осы ауданда бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанаты өтті. Алдымен Көлкент ауылдық округіне қарасты Теспе елдімекенінде орналасқан К.Жандарбеков атындағы № 59 орта мектептің жаңа ғимараты ашылды.

200 оқушыға лайықталған бұл ғимаратты аудандық бюджет есебінен «Авторемстрой ЛТД» ЖШС-нің құрылысшылары салды. Мектеп заманауи оқу құралдарымен жабдықталып, балалалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Заман талабына сай, озық сәулет үлгісімен салынған тағы бір мектеп Қарасу ауылдық округіне қарасты Әйтеке би ауылында ашылды. Мұнда С.Датұлы атындағы № 68 орта мектептің 250 оқушыға арналған жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары облыс бюджетінен қаржыландырылып, бас мердігер болып «РСУ-1» ЖШС таңдалған.

002

Жаңа білім нысандарының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Уәлихан Қайназаров бұл екі мектеп те бұрын ыңғайластырылған ғимараттарда орналасып келгенін тілге тиек етіп, енді ұстаздар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалып отырғанын айтты. Аудан әкімі осы білім нысандарынан талай талапты шәкірттер қанат қағатынына сенім білдірді.

001

Осы күні Ақсукент елдімекенінде балаларды туберкулез ауруынан сауықтыруға арналған санаторий үлгісіндегі балабақша да алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. Ғимаратты қайта құру жұмыстарын облыстық қазынадан бөлінген қаржыға «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізді. Санаторий үлгісіндегі бұл балабақшада ем қабылдау кабинеттерінен өзге ойын, спорт залы қарастырылған. Жас өскіндердің денсаулығын түзеуге арналған арнайы медициналық құралдармен қамтылған.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі