Кентау әкімі: «Кеншілер қаласының болашағы жарқын»

360

Күні кеше атқарылған жұмыстар бойынша кеншілер қаласының тұрғындарына Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев есеп берді. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов қатысып, 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын тыңдап, 2015 жылға арналған міндеттер мен жоспарларды талқылады.

002

Есепті кезеңде қала әкімі жалпы өнімнің көлемі жыл қорытындысымен 28 млрд. теңгеден асып, 2013 жылмен салыстырғанда 114 пайызды құрағанын айтты. Ал өнеркәсіп саласында құны 23 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Индустриаландыру картасына жалпы құны 817 млн. теңгені құрайтын 1 жоба енгізіліп, Кентау трансформатор зауытында «МоноЭлеТех» цехы іске қосылды. Сонымен қатар негізгі капиталға 5814 млн. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қаланың инвестициялық мүмкіндіктері мен перспективаларын арттыру мақсатында «КентауИнвест» форумы өтті. Форумға отандық және шетелдік ірі компаниялардың басшылары шақырылып, нәтижесінде 9 компания мен қала әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.

Қаладағы негізгі мәселелердің бірі – жылу мен ауызсу. Осы орайда №5 ЖЭО жұмысын бір қалыпты жағдайда ұстау мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, тозығы жеткен ауызсу құбырлары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыстырылып, тұрғындар тәулігіне 24 сағат су ішіп отыр.

Былтыр екі мектеп пен екі балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал биыл Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы мен орталық бассейн күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Қарнақ ауылы, Шаштөбе елдімекенінде 300 орынға арналған мектеп салынса, қала бойынша 9 көпқабатты тұрғын үйге 67 млн. теңге бөлініп, жөнделуде.

Сонымен қатар «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 326 млн. теңгеге 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы басталып, 2015 жылы ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов ішкі өнімнің өскені қалада көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ қалада индустриалды аймақ салынуда. Онда көптеген өндіріс орындары орналасады. Ал индустриалды аймаққа темір жол қажет.

Қазіргі таңда Түркістан – Жаңатас теміржолы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл іс алдағы уақытта оң шешімін табатын болады.

«Жалпы – Кентаудың болашағы жарқын. Негізгі мақсат – инвестиция тарту болса, қала әкімдігі бұл тарапта көптеген жұмыстарды атқарып жатыр» деді Ерлан Қуанышұлы. Ал кентаулықтардың өздері қала әкімінің есебіне «жақсы» деген баға берді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі