Прокурорлар: «Оңтүстіктің мектептеріндегі тексеру заңды»

504

Оңтүстік Қазақстан облысының мектептеріндегі тексерістер заңды және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Шымкент қаласының әкімінің сынына жауап берген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі осылай деп хабарлайды.

018

Еске салайық, бұған дейін қала әкімі жалпы жиналыста облыс мектептері прокуратура тарапынан жиі тексерілетінін айтқан болатын. Төменде прокурорлардың жауабын толығымен жариялаймыз.

«Кейінгі кездері бұқарлық ақпарат құралдарында мектеп қызметінде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жиі прокурорлық тексерістер жүргізетіні туралы теріс материалдар жарық  көрген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабы және Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» заңының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының прокуратурасы мемлекет атынан Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының  және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асырады, кез келген заң бұзушылықтарды анықтауға және жоюға шаралар қабылдайды.

Кәмелетке толмағандар туралы заңнамаларды прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жыл сайын прокуратура органдары тексерулердің нәтижесімен 200 мыңнан астам баланың құқықтарын қорғайды.

Бүгінгі таңда республика мектептерінде 2,5 млн.-нан астам бала білім алып жатқанын ескеріп, олардың құқықтарының қорғалуы мәселесіне прокурорлар тарапынан барынша көңіл бөлінеді.

Бұл ретте прокурорлардың мектептер қызметіндегі тексерістері қандай да бір бұзушылықтардың орын алып отырғаны туралы азаматтардың арыздары мен өзге де хабарламалары негізінде оларға қалалық және аудандық білім бөлімдері тарапынан шара қабылданбай жатқандықтан жүргізіледі.

Сөйтіп, 2014 жылы және 2015 жылдың 7 айында облыстық прокуратура органдарына уәкілетті  орган және білім беру мекемелері қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты 283 арыз келіп түссе, олардың 210-ы – мектеп қызметтеріне қатысты.

Осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары әлеуметтік-экономикалық салада жүргізген 2400 тексеруінің 123-і немесе 5%-ы ғана мектептерде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс бойынша 1022 мектеп жұмыс атқарады, яғни, 10 мектептің 8-і прокурорлық тексерулермен қамтылмаған. Бұл ретте 27 мектеп жоспар бойынша тексерілсе, қалған 96-ы арызданушылардың бастамасымен жүргізілген.

Мектептерде және өзге де білім беру мекемелерде тексерулер жүргізудің қажеттілігі білім беру ұйымдарының әкімшілігі, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінің тарапынан кәмелетке толмағандардың білім алу құқықтарын толығымен қамтамасыз етпеу, сабақтан жалтарған жасөспірімдерге шаралар қолданбау, балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоймау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алудың тиісті деңгейде болмауынан және т.б. туындайды.

Бұл жөнінде прокурорлар анықтаған білім саласына бөлінген бюджет қаржысын ысыраптау, сабақ уақытында оқушыларды зиянды жұмыстарға тарту, оқушылар арасында орын алған қылмыстарды жасыру, оқушыларға қол көтеру, оқушылардың мектепте атыс қаруын алып жүру, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде санитарлық талаптардың бұзылуы және т.б. деректері растайды.

Осы  тұста мектептерде балалардың құқықтарының бұзылуы жылдан жылға жүйелі сипат алып отыр, осының салдары ауыр зардаптарға соқтырмауы үшін прокурорлар жағдайды жиі бақылап, қажет болған жағдайда уақтылы шаралар қабылдауға мәжбүр болуда.

Мысалы, тек прокурорлардың араласуымен Шымкент қаласындағы 180 бала  білім алып жатқан ғимараты апатты жағдайдағы № 79 мектептің қызметі тоқтатылды.

Өзге жағдайда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында 13 мектептің 500-ге жуық оқушысы сабақ уақытында заңсыз мақта теріміне жұмсалғаны анықталып, прокурорлық актіні қараудың нәтижесімен оқушылар сабаққа қайтарылып, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жекелеген мектеп директорларының оқушылардың жүкті болу деректерін жасырып, нәтижесінде жасы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылудан жалтаруына жағдай жасау фактілері анықталды.

Бұдан бөлек мектеп директорларының сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасау деректері  жалғасын табуда. Мысалы, мектепке мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, оларға сағат жүктемесін бөлумен байланысты мәселелерді шешуде пара алғандары, сондай-ақ олардан жүйелі түрде ақша жинағандары үшін Шымкент қаласының №68, Кентау қаласының №11, Арыс қаласының №11 мектеп директорлары сотталған.

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан  облысының мектептеріндегі жекелеген тексерістер кезінде оқушылардың арасында 17 қорқытып алу дерегі анықталып, олар бойынша қылмыстық істер  қозғалған,  сондай-ақ оқушылар өз еріктерімен шолақ мылтықтар және газды-тарвматикалық қаруларды қоса алғанда 130-дан аса тіркелмеген қару тапсырған.

Прокурорлық тексерудің нәтижесінде Шымкент қаласындағы №39 мектептің 9-сынып оқушысының  сабақ уақытында 2 травматикалық қаруды алып жүргені анықталған. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін мектептердегі мұғалімдер құрамының оқушыларға қатысты күш қолдану оқиғалары тыйылмай келеді.

Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы №11 мектепте прокурорлық тексеру кезінде математика пәні мұғалімінің 6-сынып оқушысына тапсырманы дұрыс шешпегені үшін қол көтергені анықталған. Қазір қылмыстық іс сотта қаралуда.

Педогогтардың тарапынан заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол берілуі прокурорлардың мектептерде оқушылардың сабаққа қатысуы және оқушылардың білімін бағалау сияқты педогогикалық сұрақтарға да назар аударуға мәжбүр етеді. Сабаққа қатысуын қадағалау және сабаққа келмегендерге уақтылы шара қабылдамау сияқты мұғалімдердің өздерінің тікелей міндеттеріне немқұрайлы қарауы балаларға қатысты қылмыстардың орын алуына жағдай туғызады.

Мысалы, Шымкент қаласындағы мектепті  тексеру кезінде, сынып журналы бойынша 11-сынып оқушысының сабаққа қатысқаны және оған жақсы бағалар қойылғаны, алайда, нақты осы уақытта ол ата –анасының келісімінсіз Корея Республикасына кеткені анықталған, бүгінгі таңда оның нақты мекенжайы белгісіз. Кәмелетке жасы толмаған адамды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары заңсыз тасымалдау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ, осы  мектепте 17 оқушы ұзақ уақыт бойы (90-нан 400 сағатқа дейін) сабаққа қатыспаған, ал бұған  мектеп әкімшілігі және сынып жетекшісі немқұрайдылық танытқан.

Бұдан бөлек, аталған мектепте сабаққа қатыспау себебін анықтау кезінде прокурорлар бала сату дерегін анықтады. Ағайынды болып табылатын үш оқушының сабаққа қатыспау мәліметі бойынша қарсы тексеру кезінде олардың өздерінің сәби інілеріне қарағандары анықталды, бірақ тексеру кезінде аталған нәресте үйінде болмаған.

Кейін белгілі болғандай, емізулі нәрестесін анасы 200 000 теңге және алтын сырғаға Маңғыстау облысындағы  бір отбасыға сатып  жіберген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда.

Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдарының тексерулері кезінде ұзақ уақыт бойына сабаққа қатыспаған 500-ден астам оқушы анықталған. Барлық деректер бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданған. Тұтастай алғанда, өңірдегі мектептерде жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша 7 мыңнан астам баланың құқығы қорғалған.

Осының негізінде мектептердегі прокурорлық тексерудің негізделгенін, олардың білім беру саласындағы заңдылықтың жай-күйін ескере отырып жүргізілетінін және ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын хабарлаймыз.»