Шымкент әкімі: «Прокурорлар мектептерді тексермеуі тиіс!»

446

«Шымкенттің мектептеріндегі тексеруді тыю керек!» Қала әкімдігінде өткен үлкен жиналыста Ғабидулла Әбдірахымов осылай деді.

007

Бұл жиналыстың күн тәртібінде екі мәселе болды.

1 – Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы.

2 – Қала бойынша қысқы жылу маусымына дайындық.

Қала басшысы алдымен бүгінгі күнгі өзекті тақырып – қаладағы білім ошақтарының дайындығын қозғады. Ғабидулла Рахматоллаұлы мектептерді алғашқы қоңырау күніне дейін әзірлеуді қатаң тапсырып, бұл мәселе жеке өзінің бақылауында болатынын айтты. Тіпті, құрылысты кешіктіргендер жауап беруі мүмкін деді қала басшысы.

007

Одан әрі Ғабидулла Әбдірахымов мектептерді тексеру жиі болатынын айтып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылаушылар, өрт сөндірушілер, білім беру қызметінің сапасын бақылаушылар білім ошақтарын көп тексеретінін айтты.

Әсіресе, прокурорлардың мектепті тексеретінін бөлек айтқан қала басшысы құзырлы орган қызметкерлерінің осы жиналысқа келмей қалғанына қынжылды. Прокурорлармен өзі кейін кездесетінін жеткізген әкім прокуратура қызметкерлері мектептерді тексерудің орнына қылмыскерлерді ұстау керегін еске салды.

[youtube]https://youtu.be/BfUZQZeeG20[/youtube]

Қала әкімінің айтуынша, осындай жиі тексерулер мұғалімдердің уақытын алады. Тексерушілерді қарсы алуға дайындалудың орнына ұстаздар бала оқытып, тәрбиелеуі керек дейді Ғабидулла Әбдірахымов.

Айта кету керек, қала әкімінің тексерулерге қатысты өткір пікірлерін жиналғандар ду қол шапалақпен қуаттап отырды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі