Түлкібаста зират тазаланды

337

Өлі риза болмай, тірі байымайды. Атадан қалған ұлы сөзді азаттықтар ту етіп алған. Түлкібас ауданы, Азаттық ауылының тұрғындары ай сайын зиратты тазалап, марқұмдардың жатқан жерін қорғауды әдетке айналдырған.

Түлкібас ауданы, Азаттық ауылының тұрғындары бір кісідей сауапты іске жұмылды. Еңкейген ақсақалдан мектеп жасындағы балаға дейін жиналған жамағат зираттағы қалың шөпті орып, қураған ағаштардың бұтақтарын кесті.

Түлкібас ауданының тұрғыны Сағымбековтер шаңырағы да ел қатарлы дүниеден озған ата-бабаларының рухына құран бағыштап отырады. Жатқан жерін ретке келтіріп, қараусыз қалдырмауды әдетке айналдырған.

77 жастағы Гүлсін Анарметова үшін бұл зират өте қымбат. Өйткені мына құлыптас сұрапыл соғыста қайтыс болған әкесінің 74 жылдан кейін табылған заттары , жерленген бауырластас зиратынан алынған топырағы үстіне орнатылған. Жауынгердің мәйітін Калуга орманында іздеушілер анықтаған.

Түлкібас ауданындағы Азаттық ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанған сарбаздың басым бөлігі елге оралмаған.Ерлікпен қаза болғандардың есімдері осындағы құлыптастарға қашалып жазылған.  Зиратта ауқымды тазалық шаралары жылына екі рет ұйымдастырылып , соңында бақилық болғандардың құрметіне жамағат құран бағыштайды. Тәрбиелік мәні зор игі іс Азаттықтар үшін дәстүрге айналған.