Шымкент қаласындағы жұмыссыз азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту туралы қала әкімінің шешімі ақпан айының 27 жұлдызы күні күшіне енеді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қала бюджетінен арнайы 48 млн. теңге бөлінген. Жұмыс іздеген кез-келген жерлесіміз Шымкент қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып құжаттарын тапсыра алдады.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға жолдама берілетіндігі туралы БАҚ-дан хабардар болған Лола Қалмуратова бүкіл құжатын алып еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіпті. Өткен жылы отбасымен Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз еңбекақы төленетін кез-келген жұмысты істеуге дайынмын дейді.
Лола Қалмуратова: «Ақылы қоғамдық жұмысты жерге ұруға болмайды. 17 мың теңге де ақша. Мен өз ісімді бастағанға дейін осы жұмысты істеуге әзірмін. Үш студент қызымды бағуым керек».
Мамандардың мәлімдеуінше, 2012 жылы ақылы қоғамдық жұмысқа 2700 адам тартылады. Өткен жылы 2200 болған. Жұмысшы іздеген 32 мекемеден тапсырыс түсіпті. Айлық жалақы 17 439 теңгені құрайды. Көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 2 мың теңгеге артық.
Өткен жылы қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс сұрап 16 мың 35 адам келген. Соның 14 мың 930-ы әлеуметтік қорғауға алынып, 13 мыңнан астамы тұрақты 2 мың 270 жерлесіміз ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Алайда жұмыс іздегендердің көпшілігі төленетін жалақы мүлдем төмен дейді.
Жасыратындығы жоқ, жыл сайын Шымкент қаласында 7.8 мың жұмыс орны ашылады. Дегенмен, ол жұмыссыздардың қажетілігін толық қанағатандыра алмайды. Амалсыз «Жастар практикасы», «Әлеуметік және ақылы қоғамдық жұмыстар» секілді бағдарламалар арқылы тұрғындарға қол үшын беру басты мақсат.