«Елім» деп келіп, темір вагонды паналап отыр

194

Осыдан үш жыл бұрын Өзбекстаннан ата жұртын аңсап келген Қалайзада Рүстемоваға бұл жақта әлі күнге дейін ұлтарақтай жер бұйырмапты. Ол кісі осы уақытқа дейін қысы-жазы Шымкенттіңіргесіндегі «Достық» шағынауданында темір вагонда күнелтіп келеді. Осы уақытқа дейін ол жер сұрап, ешқандай мекемеге арызданбаған да екен. Оған денсаулығым мүмкіндік бермеді дейді.

Жазда аптап ыстықта қақталып, ал қысты қалтырап-дірілдеп өткізетін Қалайзада апаның расында да бүгінде денсаулығы сыр берген. Себебі жыл сайын күн суыта бастағаннан ол темір тұрағын баллонды газбен жылытқанымен, қысқы суықта әбден мұздаған газ жанбайды да. Темір үйшік тұрмақ, кәдімгі үйлердің өзі сәл жылу болмаса азынап кететін аязды күндері кейуана енді амалсыздан таныстарының үйінде түнеп жүр.

«Бұл темір вагонды газбен жылытып тұрушы едім, енді газым да қатып қалды. Мұнда жарық та жоқ. Шырағданмен отырамын. Ал қазір қатты аязға шыдай алмай, таныс оралмандардаң үйін сағалап жүрмін. Өзім де суық өтіп, бірнеше жылдан бері аурушаң болып қалдым», – дейді Қалайзада апайдың өзі.

Жат жерде туыпөскен кейуана ол жақта ұзақ жылдар бойы медбике болып еңбек еткен екен. Зейнеткерлікке шыққан соң көппен бірге атамекенге қоныс аудармақ болғанымен, оның реті бірден келе қоймапты. Себебі жергілікті тұрғындар оның өз баспанасын күшпен тартып алып, тіпті бірнеше рет соққыға да жыққан көрінеді. Жеті жыл бойы соттасып жүріп, бәрібір баспанасын қайтара алмаған соң марқұм әкесінің екі бөлмелі пәтерін тым арзан бағаға әрең сатып, жалғыз ұлы мен азын-аулақ дүние-мүлкін алып,Шымкентке көшіп келген.

«Мен ол жақта бір кәрі кемпірдің жер үйін сатып алғанмын. Ал оның қызы Ресейге көшіп кеткен. Үйдің егесі қайтыс болғанда мен өздерінің салты бойынша жерлеу рәсімін өз күшіммен өткіздім. Ол кісінің әруағы алдында ешқандай күнәм жоқ. Бірақ соның артынша әлгі үйге көз тіккендер шыға келді. Не керек, олар менің баспанамды құжаттары туралығына қарамастан күшпен тартып алмақ болды», – дейді Қалайзада апай қамығып.

Ол кісінің айтуына қарағанда, жергілікті бір әкімсымақ оған: «Сен ақыры еліңе көшеді екенсің. Бұл үй енді бізге тиесілі«, – деп сес көрсетіп, тіпті бұзақыларды жұмсап, қорқытып та жүріпті. Оның осы әлімжеттігін айтып сотқа шағымданғанымен, сот та Қалайзада апайдың сөзіне құлақ аспаған. Тіпті үйдің бұрынғы егесінің қызы Ресейден арнайы келгенімен, ештеңе өндіре алмапты. Ал сот тек Қалайзада апайға 300 доллар көлемінде ғана өтемақы өндіріп берген.

«Үйді бәрібір ала алмасымды білген соң, мен енді көппен бірге атамекенге көшпек болдым. Себебі ол жақта бәрібір маған күн бермес еді. Бір күні бұзақылар өзімді ұрып кетсе, бір күні келіп есігімді сындырып кететін. Тіпті сот ғимаратында да таяқ жеген күндерім болды. Ол жақта менің зарыма құлақ асатын ешкім болмады. Сосын амал жоқ, көшуге бел будым. Бірақ марқұм әкемнен қалған екі бөлмелі пәтерімді сатайын деп жүргенімде біреулер бос тұрған сол үйдің де төбесін тесіп, ішіне су жіберіп, тіпті жарамсыз етіп тастапты. Сонда да төрт мың долларға әрең сатып кеттім. Ал бұл жаққа артынып-тартынып көшіп келген соң сол ақшама жер телімін де сатып ала алмадым. Себебі ол кезде бұл жақта жер одан қымбат болып тұрған еді«, – дейді Қалайзада апай.

Жер телімі тұрмақ, бұл жақта қайдағы бір темір вагонның өзі Өзбекстанда 4 мыңға сатылған үйден де қымбат болып шыққан. Яғни Қалайзада апай жерге қолы жетпеген соң уақытша болса да темір үйшік сатып алмақ болып іздеген екен. Бірақ олардың өзі 3-4 мың долларға бағаланған. Ол кісііздеп жүріп 1500 АҚШ долларына осы темір вагонды әрең сатып алған екен. Оны аталған шағынаудандағы бір үйдіңіргесіне егесінен рұқсат сұрап орналастырыпты. Міне, сол уақыттан бері тар үйшікте ұлы екеуі тұрып келген.

Ал ол кісінің 26 жастағы ұлы қазір Астанада қара жұмыс істеп жүр. Анасының айтуына қарағанда, ұлының да денсаулығы мәз емес. Бүйрегі ауырады екен.

«Соған қарамастан ол жер алатын ақша жинаймын деп тырбаңдап жүр. Бірақ тапқаны ас-ауқатынан артылар емес. Мен де осы жазда Астанаға барып сауда жасап келдім. Менің табысым да дәрі-дәрмектен артыла қоймады», – дейді.

Темір үйшікте тарығып тіршілік кешіп жүрген кейуана бұл жаққа көшіп келгелі бері жергілікті тиісті мекемелерге жер беріңдер деп арызын айтып бармаған да екен. Олай етуге әуелі денсаулығы мұрша бермесе, бір жағынан бұл туралы ана жақтағылар біліп қойса тағы да тыныштық бермейді ме деп үрейленеді. Себебі ол жақтағылар үйімді алып қойды деп шағымданатын болсаң, сені бәрібір тауып аламыз деп қорқытқан. Тек биыл жаз айында Астана мен Алматы қалаларында болып, бас прокуратура мен Өзбекстанның елшілігіне барған екен. Олар бұл кісінің арызы бойынша Өзбекстанның Сырдария облысы … ауданына сұраныс жіберген. Соның өзінде Қалайзада апай ол жақтан жақсылық хабар күтіп отырмағанын айтады.

Суық күнде бүрсеңдеп, күндіз темір үйшікте, ал кешке қарай әркімнің есігін сағалап жүрген Қалайзада апайдың қазіргі халі осындай. Ол кісі Астанада жүрген жалғыз ұлына өзінің мүшкіл халін айта бермейді. Себебі онсыз да қабырғасы қайысып жүрген ұлы ақшаны көп табамын деп, бірдеңеге ұрынып қала ма деп қорқады. Ал жасы алпыстан асқан шағында осындай аянышты халге душар болған Қалайзада апайға қолұшын созар иманды адамдар табылар ма екен?

Талғат ДОСЫМБАЙ

Мақаланың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінің 8-нөмірінен оқи аласыз.