Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының ашылуы да өзінше бір тарих. Арада өткен төрт жылға жуық уақыт театрдың қалыптасуына, ондағы еңбек етіп жатқан өнер адамдарының кәсіби біліктіліктерін ұштастыруға молынан жетті. Біз театрдың көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжановпен бүкпесіз әңгімелесе отырып, өнер ордасының өткені мен бүгініне қанықтық, өзі туралы да ептеп сыр суыртпадық.
Мақсат, жалпы театр қалай ашылды, оның ашылуына кім ұйытқы болды? Қалай ойлайсың, Оңтүстік әзіл-сықақ және сатира театрына соншалықты зәру ме еді? Онсыз да «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Нысана», «Алдараспан» сынды әзіл-сықақ театрларының әртістері көпшіліктің езуін жидырмай келе жатқандығын білуші едік.
— Өткен шаққа шегініс жасап көрелікші. Мен туылған 1979 жылы «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отаулары халыққа қандай рухани күш-қуат беруші еді. Күні бойғы ауыр жұмыстан қалжыраған көпшілік «Тамаша» десе, ішкен асын жерге қоятынын мен білмесем де, көптің ауызында әлі жүрген жоқ па? «Тамаша» бар кезде басқаша еді. Халықты шынайы күлдіре білген олардың шеберлігіне дау жоқ. Дегенмен, сол кездердегі күлкінің қазіргіге қарағанда салмағы басым екеніне келісерсіз. Қазір таңдау көп те, талғам жоқ.
Ал театрдың ашылуына келсек, 2008 жылы облыс әкімінің қаулысымен Халықаралық театр күні қарсаңында, яғни сәуірдің 4-і күні пайдалануға берілді. Рас, Оңтүстіктің халқы күлкіден кенде емес. Уәлибек, Жүсіп, Берік, Жұлдызай жүрген жерден күлкі үзілмейтінін білемін. Әйтсе де, қазақы қаймағы бұзылмаған, еліміздегі халқы басым аймақта бір әзіл-сықақ театрының болуы қайта мәртебе емес пе? Театрдың ашылуына қатысқан театр өнерінің саңлақтары Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Есмұхан Обаев ағаларымыз да сол кезде осы сөзді айтқан.
-Көпшілік сіздердің театрларыңызбен «Шаншарды» жиі шатастырып жатады, бұған не дейсіз?
-Қисыны бар. Өздеріңіз білесіздер, театр ашылған соң оның директорлығына «Шаншар» әзіл-сықақ театрының негізін қалаушы Уәлибек Әбдраимов тағайындалған болатын. Ол кісінің театрдың аяғынан тұрып кетуіне қосқан үлесі зор. Сол кезден-ақ «Шаншар» мен біздің театрдың арасында берік байланыс орнап, бірлесе жұмыс атқару мүмкіндігі қалыптасты. Бірақ, Уәлибек ағамыздың басқа да жұмыстары көп болуына байланысты, оның бұл қызметтен бас тартуына тура келді. Әйтсе де, театрдан қол үзіп кеткен жоқ. «Шаншардың» әртістері облыстық әзіл-сықақ және сатира театрымен қазір де тығыз байланыста бірлесе жұмыс атқарудамыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында театрдың белді мүшесі Жүсіп Ақшораев ағамызға «ҚР мәдениет қайраткері» деген құрметті атақ берілді. Ал театрдың қазіргі директоры Марат Оразымбетов. Мәдениет және өнер саласына сіңірген еңбегі мол, көпке белгілі азамат.
-Көрермен әрқилы ғой, театрға біреу әзілдің астарын іздеп, енді бірі бір сәт саясаттан қол үзіп, бос күлкі іздеп баруы мүмкін. Қазіргі әзіл-сықақ және сатира театрының ұстанымы қандай?
-Барлығы да көрерменнің деңгейіне байланысты. Лұқпан ағамыздың: «Бір көрермен бар-сен айта бастағаннан-ақ түсініп күледі, енді біреуі бар-сен айтып болған соң күледі» деген сөзінде шындық бар. Көздеген нысанаңды өзек ете отырып, оның астарына үңілмесең, мәселе қозғамасаң, сахнаға шығудың қажеті қаншалықты. Көрерменге барыңды бере алсаң, ойыңдағыны түгел жеткізе алсаң-театрға келушілер де іздегенін тауып, риза болып шығады. Біздің театр ұжымы еліміздің және шетел драматургтерінің қойылымдарын сахнаға шығару алдында бұл мәселені көп талқылаймыз. Сондықтан болар, аз уақыттың ішінде театрымызға келушілер саны күрт асты, әр қойылымнан соң жылы лебіз есту де бір бақыт емес пе?
-Мақсат, бүгінде көрерменді күлдіру қаншалықты қиын, қазіргі көптеген әзіл-сықақ театрларының зілі қандай деп ойлайсың?
-«Әзіл түбі-зіл». Оның зілі болмаса, көрерменге берер пайдасы жоқ болса, онда-өздерінің де, өзгенің де уақыттарын алмағандары дұрыс. Бүгінде қарап тұрсаңыз, әйелдің рөлін сомдаған еркектер көп. Жараса ма, жараспай ма, көрерменнің талғамынан шыға ма, шықпай ма-бәрібір. Әйтеуір жұртты күлдіреміз деп, бүлдіріп жүргендері. Әйелдің рөлін сомдау-Берікке ғана жарасатын сияқты. Тағы бір айтарым, барлық әзіл-сықақ театрының қойылымы-баяғыда «Тамаша» құрып беріп кеткен соқпақ жол. Одан шығу, өз беттерінше іздену жағы жетіспей жатады.
-Жас та болсаң, өзіңді ел жақсы таниды. Осы сен өнерге қай жастан бастап ден қойдың?
-Туып-өскен жерім Арыс ауданы Дермене ауылы. 12 жасымда республикалық жас орындаушылар байқауының лауреаты, екі жылдан соң » Қоңыраулы қошақан» байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Осыдан соң-ақ өнерге біржолата ден қойдым. 1993 жылы аудандық «Жауқазын жастар айтысында» 2-орын, 1996 жылы облыстық жас ақындар мен термешілер байқауының бас жүлдегері атандым.
А. Иассауи атындағы ХҚТУ-нің өнер факультетін аяқтаған соң еңбек жолымды Түркістан сазды драма театрында әртіс болып бастадым. Еңбек ете жүріп, өнерден қол үзбедім. «Күлкі жәрмеңкесі» байқауында 2-орын, ОҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Ш. Қалдаяқов атындағы ән фестивалінде 3-орын, Халықаралық «Әлия» әншілер байқауында бас жүлдені алдым. Суырып салма ақындардың Халықаралық айтысына қатысып, Көпбай Омаров атындағы сыйлыққа, Республикалық О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында 2-дәрежелі дипломға ие болдым. Осыдан соң республикалық, халықаралық деңгейде өткен түрлі байқауларда бақ сынадым.
-Өзіңді эстрада әншісі, кең тынысты орындаушы ретінде жақсы білуші едік. Ал театр әртісі және қоюшы-режиссері ретінде сахнада өзің сомдаған қай рөлдерді бөле-жарып атар едің?
-Театр ашылғалы осында еңбек етіп келемін. Мен өзіме жүктелген рөлдерді жоғары кәсіби талапқа сай, шығармашылық биік деңгейде, шынайылығымен толыққанды есте қалатындай етіп сомдауға бар өнерім мен күш-жігерімді жұмсауға тырысамын. Атап айтқанда, Н. Кадировтың «Кәрілігімді сағындым» комедиясындағы басты рөл-Шалды ойнағаным үшін еш өкінбеймін. Тиісті бағасын көрермендер берді. Ал, қоюшы-режиссер ретінде С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Д. Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедияларын сахнаға шығарып, театр абыройының артуына өзімдік үлесімді қостым деп айтуыма болады.
-Оңтүстіктің өнер сүйер қауымы мен газет оқырмандарына айтар тілегің…
-Күлу де, күлдіре білу де -өнер. Лайым, күлкіден ажырамайық, өнеріміз өрге жүзе берсін. Оңтүстікте басылым да көп. Оның ішінде оқырманы бары да, жоғы да жетерлік. Сіздерде-оқырман, бізде-көрермен көп болсын!
Сұхбаттасқан — Ердәулет Тұрапбекұлы.