Наурызды «-ев», «-ов»-сыз қарсы алмақ

«Алда келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін лажы болғанынша тегіміздегі (фамилиямыздағы) «-ов», «-ев» жалғауынсыз қарсы алайық!». Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай қол астындағы шенеуніктерге осындай ұсыныс айтқан көрінеді.

Жақында ғана өз тегін қазақшалаған Шым шаһардың  басшысы енді өзгелерді де осыған үгіттеуде.

«Біздің отбасымызда барлығы да тегін қазақшалап, «-ев», «-ева» жалғауынан арылған»,-дейді Арман Шәріпбайұлы журналистерге берген сұхбатында.

Оңтүстікте  тегін қазақшалаған әкімдер аз емес. Мысалы, Бәйдібек ауданының әкімі  Райымбек Жолдас,  Сайрам ауданының бұрынғы әкімі Мұхит Әлі, Шардараның әкімі Марғұлан Марайым, Төлеби ауданының бұрынғы әкімі Батырбек Көшербай… бұл тізімге бірқатар облыстық басқарма бастықтарын да жатқызуға болады.

Қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың да Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда талайларға үлгі болғаны бар.

Ал орысша білім алған Арман Жетпісбаевтың  Наурыз мерекесі қарсанында өзі бастап қол астындағыларға «-ев», «-ов» жалғауынан арылайық деп ұсыныс жасауы…біраз жұртты сүйсіндіріп отыр.

Мемлекеттік қызметтегі талай шенеунік  тегіндегі «-ев», «-ов» жалғауынан арылса тағынан тайып қалатындай көретіні жасырын емсе.

«Ой, ол үшін талай құжатты қайта жөндеттіру керек, ресми құжаттарды қайтеміз?» деген сылтауды да алға тартатындар аз болмай тұрған шақта Шымкент қаласы әкімінің  мына бастамасы қалай алып қарасақ та құптарлық игі іс болып тұр!