Úı ANONS Қала әкімі түлектерге сәттілік тіледі

Қала әкімі түлектерге сәттілік тіледі

Алтын ұядағы балғын шақ артта қалып, 16 мыңнан астам шымкенттік түлек үлкен өмір айлағына жол тартты. Бүгін үшінші мегаполистің 291 білім ошағында соңғы қоңыраудың сыңғыры естілді. Қимастық сезімі мен көздегі мөлдір жас, жүрек тербеген әуен мен мектеп ауласында қалықтаған соңғы вальс. Балалық шақтың бекетімен қоштасқан шәкірттердің ең толқынысты сәттерін сюжеттен көрейік.

 

Шәмшінің жүректен орын алған  «Ақ бантигі» бүгін түлектердің орындауында мүлдем бөлек шырқалды. Өйткені бұл — балалық шақпен қоштасудың, қимастық пен үміттің әуені. «Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін» деп шырқаған түлектердің дауысынан үлкен өмірге деген толқыныс сезіледі. 11 жыл бір партада тел өскен ұл-қыздар бүгін алтын ұясымен және өздеріне қанат бітірген ұстаздарымен қоштасты.

 

«Иә мектепті қимай тұрмыз. Өйткені біз бұл жақта жатақханада жатқаннан соң өміріміздің мысалы аптасына 7 күн болса, оның 5 күнін осы жақта өткізетін боламыз. Сол үшін әр өткен сәтіміз, минутымыз құрдастарымызбен, достарымызбен қызықты. Әрқайсысы тәтті естеліктер болып қалады».

 

«Бұл жерге біздің мұғалімдердің, осында жүрген тәрбиешілердің бізге тигізген көмегі өте үлкен болды. Өміріміздің осы үлкен шағына қадам басып отырғанымызға мұғалімдердің, тәрбиешілердің ықпалы зор».

 

Ұядан ұшқан балапандарын қимай, көз жасына ерік берген сынып жетекшілері үшін де бүгінгі күннің жүгі ауыр. Иық тіресе өткізген жылдар артта қалып, екінші аналарындай болған ұстаз жүрегі тағы бір буынды үлкен өмір айлағына шығарып салды.

 

АЙМАН БАЛШЫҚОВА, 11 «В» СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ: «Сынып жетекші болғаннан кейін, қиындығы мен қуанышы бірге жүретін жұмыс. Бірақ, соған қарамастан менің сыныбым өте жаңағы айтқан сөзге түсінетін, ақылдыы сондай азаматтар мен азаматшалар. Мен бұлардыңң болашағынан зор үміт күтемін. Қимай тұрмын, иә қимай тұрмын».

 

Биыл 277 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Оның  ішінде 16 мыңнан астамы — мектеп бітіруші түлектер. Бұл  буынның көрсеткіші де көңіл қуантады. Мәселен, республикалық олимпиадалардан 3 алтын, 10 күміс, 7 қола жүлде мен 4 грамота қоржынға түскен. Ал алдағы үлкен өмірге қадам басқандардың 786-сы «Алтын белгіге,  1123 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Осынау білімді ұрпаққа қала басшысы да  ақ жол тіледі.

 

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Әрқашан жолдарыңыз ашық болсын. Осындай қазақтың мықты азаматтары болып өсе беріңіздер. Ешқашан алға қойған мақсаттарыңыздан қайтпаңыздар. Себебі еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда».

 

Мектеп бітірушілердің соңғы вальсі — балалық шақтың бекетіндегі ең соңғы, ең мұңды әуен іспетті. Қимастық сезімін бимен жеткізген ұл-қыздардың бұл сәті мектеп өмірінің әдемі нүктесін қойды.

 

Алайда, бұл қуаныш тек мектеп ауласымен шектеледі. Биыл талап қатаң. Нақтырақ айтар болсақ, жиыннан кейін мейрамханада немесе табиғат аясында бас қосып, тойлауға тыйым салынған. Сондай-ақ, заң бұзғандарға айыппұл қарастырылған.

Ботакөз Әнуар