Студенттер діни сауаттылығын арттырды

281

Парасат колледжі өз студенттерінің діни сауаттылығын арттырды.

Жастарға салт-дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігімізге жат діни ағымдар туралы ақпарат беру және оларды теріс ағымдардан сақтандыруды мақсат еткен Парасат колледжі оңды істің ұйытқысы болып отыр. Өз студенттеріне дін турасындағы жаңа заңды түсіндірді. Осылайша жастардың діни сауаттылығын ашпақ.

Сабден Түймебек, Парасат колледжінің мұғалімі: «Бұл науқандық іс емес. Біз үнемі жастардың өзге діннің етегінде кетпесі үшін арнайы шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Үнемі білікті имамдарды шақырып, студенттермен кездестіріп тұрамыз».

Жасырын емес, бүгінгі жастар өзге діннің етегінде шырмалып, өз дініне сызат түсіруде. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Олардың арасында есті ұрпақтарымызда жетерлік. Енді сол жалындаған жас толқыннан жат діннің есігін неге қағамыз деп сұрап көрелікші.

Нұржамал Әбдірахман, 1-курс студенті: «Көбінесе жастарды әлеуметтік жағдай итермелейді. Қалтасы тесік студенттерге ұсынған азын-аулақ ақша, олардың өмірін өзгертіп жіберетіні жасырын емес. Мойындау керек біздің діни сауатымыз төмен».

Рас, әлеуметтік жағдайдың төмендігі жаман дүниелерді жасауға еріксіз амал етеді. Десе де, исламда ынсап пен нәпсіні тыю деген бар емес па?!

Динара Қуан, 2-курс студенті: «Әркімнің өзіне байланысты. Біреу тойып, енді бірі тоңып секіреді. Саналы адам ондай әдетке бармайды. Сондықтан рухани жетілуіміз керек. Біздің жастар рухани жағынан келгенде кедей».

Дөңгелек үстелге жиналғандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда үш жүзге жуық діни бірлестік болса, бүгінгі күні олардың саны төрт мыңнан асқанына, солардың кейбірі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастағанына тоқтала кетті.

Қазбек Сарыбаев, облыс имамының орынбасары: «Жастарға айтар кеңесім, өзін жаман әдеттерден аулақ ұстауға үйрену керек. Бізбен тығыз байланыста болып, мешітке келіп таза ислами тәрбие алып, ненің ақ, ненің қара екенін біліп тұруға әбден болады».

Аталмыш заңның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор екендігіне басымдық берген алдыңғы толқын ағалар студенттердің сұрақтарына да жауап берді. Лайым, дініміз бен тілімізді құрметтейтін егеменді елдің есті ұрпағын тәрбилеуде Парасат колледжінің сіңірер еңбегі мол болғай.