Қаланың дамуына білікті кадрлар қажет

0

«Жас буын мамандық таңдаудан қателеспеуі керек!» Осылай деген аға буын өкілдері бұл бағытта ата-ана мен қатар оқу орындарының да үлесі зор екенін жеткізді.

Еркін Сатқанбаев 17 жыл кәсіптік-техникалық білім беру саласында колледж басшысы болып қызмет еткен. 15 жыл қалалық мәслихаттың депутаты болған ол экономика қарыштап даму үшін білікті кадр жеткілікті болуы керек дейді.

Еркін Сатқанбаев, мемлекет және қоғам қайраткері: «Мемлекет білім саласына үлкен қаржы салып, әлеуметтік мәселенің барлығын шешіп, жағдай жасап жатыр. Мектеп, колледждерді  көрсеңіздер, барлығы жағынан жабдықталған. Ата-ана ең бірінші бастауыш сыныптан бастап 5 сыныпқа дейін баланың білімге деген қызығушылығын арттырып, фундаментін қалауымыз керек. Оның қабілетін сол кезде байқап,  қалыптастыруымыз қажет».

Баланың болашақ мамандық таңдауына ата-ана мен ұстаздарының ықпалы зор болмақ. Сол үшін жастардың сұранысқа ие мамандық иегері болу үшін жүйелі жұмыс жасалу маңызды дейді аға буын өкілі.

Еркін Сатқанбаев, мемлекет және қоғам қайраткері: «Ата-ана баласының жоғары білім алуына емес кәсіптің егесін даярлауға ат салысу керек. Мемлекет қазір колледж студенттерінің  мәртебесін көтерді. ЖОО-дағыдай олар  шәкіртақы алады. Техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Әсіресе дәнекерлеуші, автокраншылар қарқынды дамыған қала құрылысына аса қажет».

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген Еркін Сатқанбаев жас буынды елінің патриоты болуға кішкентайынан баулу керек екенін жеткізді. «Отанын сүйген бала ел өркендеуіне аянбай еңбек етеді» дейді ол.