Жастардың тәрбиесіне мән беру керек

40

Қоғамда қайырымдылық және көмек көрсету, қарияларға, үлкендерге, ата-анаға мейірімділік таныту, қамқор болу туралы  Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Созақбай Әбдіқұлов өз ойын ортаға салды.

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы бүгінгі білімді де, білгір жастардың қолында. Сол себепті олардың ойының да, бойының да түзу болуына ел болып ықпал жасау керекпіз», –  дейді аға буын өкілдері.

«Жастар–кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті білікті жастар, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да, біз аға буын өкілдері жас буынның тәрбиесіне, мамандық таңдауына, жаңа жұмыс орнында тұрақтануына қолдау көрсетіп, бағыт бағдар беруіміз керек. Бұл мәселеде ата-ананың жауапкершілігі орасан»,-дейді еңбек ардагері Созақбай Әбдіқұлов.

Созақбай Әбдіқұлов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшіесі: «Білім саласы, әлеуметтік сала,  жастар орталығының өкілдері, діни, жергілікті полиция, әскери комиссия, барлық басшыларын алып, аудандарды аралап белсенді жастарды көбірек қатыстырып жиындар өткіздік. Осы мәселенің барлығын талқыладық. Ендігі мәселе кеңес үкіметі құрылғаннан кейін жастарды үлкен ағалар «Ой, жастар мынандай, анандай” деп айтып жүреді. Бір жағынан дұрыс емес шығар. Жастарды өзіміз айтқандай тәрбиелеу керек. Мысалы, өткен жылы біздің облыстағы колледждерге 15 300 грант берілді, одан бұрынғы жылы берілген 6000 грант игерілмей қалған, балалар бармаған. Былтыр облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібай өтініші бойынша  барлық аудандарды, әсіресе, түрлі ұлт өкілдері  қоныстанған елді-мекендерді аралап, сол бағытта  жұмыс жүргізіп, түсіндірдік. Былтырғы жылы 15 300 бала сол оқуға барды, грантқа түсті. Грантқа дегеніміз – яғни, жатақханасы, стипендиясы бар, тамағы тегін. Екінші мәселе бұл – “Серпін бағдарламасы”. Ол бойынша біздің шектік мөлшерде  Солтүстік облыстар ол Көкшетау, Семей, Өскемен, Павлодар, Петропавловскіге барып, жоғары білім алуға болады. Ол жерде жатақхана, стипендия беріледі. Жаз айларында демалыс кезінде келіп, кетуге жол ақысын төлейді. Сонымен қатар, жаңа оқуын бітіргеннен кейін сол жақтан бірден жұмысқа жолдама беріледі. Сөйтіп, жұмыс жасауға болады. Енді, Түркістанға, Шымкентке барлығымыз сыймаймыз ғой.

Жастардың тәрбиесіне аса қатты мән беру керек. Өзіңіз білесіз, Созақ ауданында әкім болған кезімде, бізде өндіріс орындары бар, басшылары айтатын: «Жергілікті жердің балалары, яғни, қазақ балалар біздің жұмысты жасай алмайды, біздің жұмыстар өте күрделі және қиын» деп. Кезінде  «ҚазАтом»- кәсіпорынының басшысы  Мұхтар Жәкішев және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен  кездесіп, осы мәселені түсіндірдік. Нәтижесінде  Таукенттен колледж аштық. Сол колледжде балалар түске дейін оқиды, түстен кейін өндіріске жұмысқа барады. Сол жерден жақсы мамандық алып шықты, содан кейін жоғары оқу орнына түсті. Алматыда политехта арнайы факультет ашып, қазіргі таңда сол жақта басшы қызметін атқарып отырған көбісі – Созақтың жастары.
Бұрын оларды жұмысқа қабылдамайтын. Сондықтан, қазір жастармен кездескенде мамандық алыңдар деп айтамын, ол колледж бе, әлде, басқа ма, сен колледжді бітіріп жоғары оқу орнына түссең, онда жақсы. Немесе оны бітіріп жұмыс жасауға да болады. Сырттай оқитыны бар басқасы бар, қазіргі жастарға мамандық беруіміз керек. Сосын оларды жұмыспен қамтуымыз керек. Сонда ғана олардың жолдары да ашық, тәрбиесі де жақсы болады. Бұзақылық, ұрлық, нашақорлық, жас отбасылардың көбісінінң ажырасуы осы жұмыссыздық, бей-берекет жүруінен, нашақорлыққа еліктеудің нәтижесінде.Осы мәселеге үлкен мән беру керек, біздің жастарымыз өте білімді, барлығы жетік.

Біздің  академигіміз бар ғой, Асқар Жұмаділдаев деген кісі, бір сұхбатында айтады: “Қазақтың жастары өте зерек болады, математикадан өте зерек, себебі, біз дүниежүзілік конкурстарда 20 мемлекеттің қатарына кіреміз”.  200-ден астам мемлекет бар. Соның ішінде біздің балалар шахматтан жақсымыз, спорт түрі – бокстан. Сондықтан жастарға дұрыс бағыт-бағдар, жол берсек, қандай салада болса да, алдыңғы қатарда бола алады деп өзім есептеймін. Себебі, сол Созақта жүргенімде бірінші рет  Францияның “КАТКО” компаниясы басшыларымен келісіп, 4 баланы оқуға жібердік. Француз тілін білмейді ғой, бір жыл Алматыда оқытайық тіл үйренсін деген. Мен  сонда «жоқ, олар  озат, мектепті алтын белгімен бітірген балалар,  тілді  тез игеріп кетеді», – дедім. Тамыз айында бір ай Алматыда француз тілін оқытты да, 4 баланы Шербур қаласына жіберді, жоғары оқу орнын бітіріп,  уран саласының мамандығын алып келді. Қазір біреуі Францияда  жұмыс істеп жатыр, қалғандары аудан қызметінде басшы болып жұмыс істеп жатыр.

Мен ана француздарға айтатын едім: «Сендер  зауыт, фабрика саласыңдар, ал сендерге сенімді адамдар осылар болады. Болашақта осы жігіттер басқаратын болады. Кеңес үкіметі кезінде уран саласында еңбек ететін  50 ғана маман дайындайтын. Сондықтан олар бұны құпия ұстаған. Басқа ұлттың жастарын қабылдамаған. Ал қазір қазақ балалары ең жоғарғы қызметтер атқарып отыр, Құдайға шүкір. Қазір міне Шымкентте «ҚазАтомПром»-ның кеңсесі бар.  Менің тәжірибем болғандықтан оларға көмектесем, жұмыс барысында  белгілі мемлекеттік мекемелермен байланысын  үйлестіріп отырамын.

Ал енді, қоғамдық қамқорлыққа келетін болсақ. «Қазатомпром» Созақ ауданында мектеп салып берді, ауруханалар, спорт алаңдарын. Жастарымызды оқытты, тәрбиеледі, өндіріс орындарымен тығыз байланыста отырды. Арнайы осы салаға бөлінетін қаржы бар, соны жергілікті жерде пайдалану бойынша  жұмыс жасау керек.
«ҚазАтом» басшысы Мұхтар Еркінұлы Жәкішев: «Ауданға үлкен жұмыс жасау керек, өндіріс саласы осы жерде, соларға тура Алматыдағыдай, Астанадағыдай жағдай жасаумыз керек. Сондай денсаулық саласы болу керек, сондай білім саласы болу керек, сондай балабақша болу керек деп айтатын. Ол кісінің ауданның көркеюіне қосқан үлесі орасан. Созақтың жастарына бұл үлкен қамқорлықтың белгісі.

Аға буын өкілдері  жастарға дұрыс бағыт-бағдар  беруіміз керек. Әсіресе, дін мәселесінде. Барлық аудандарды аралап шықтық өткенде, діни мәселеге үлкен көңіл бөлу керек. Себебі, жастарымыз басқа ағымдарға еріп кетеді. Жұмыссыз жүреді, басқа ағымдар ақшамен алдайды, қаржыға алданып қалады.

Діни басқарманың жақсы мамандарымен  бірге  жастарға жақсылап түсіндіруіміз керек. Және  осы бағытта  әрекет жасайық. Жалпы дін, басқа ағым жайлы үкіметте жақсы біліп отыр және онымен айналысып жатыр. Биыл үлкен мәселе болып жатыр. Білім саласы, жастар  орталығы  басшысы әлеуметтік сала, діни мәселе, жергілікті полиция барлығымыз аудан орталығына жиналамыз. Биыл  кездесулердің форматын өзгертіп отырмыз. Енді  колледждерде жиындарды жиі  ұйымдастырамыз.

Жастар орталығына көптеп жастарды шақырамыз. Себебі, енді 11 сынып бітіргендер нені біледі? Өмірдің қалай болып жатқанын, болашағы қаңдай осы мәселені түсіндіруіміз керек.

“Ауыл аманаты” бағдарламасы бар 50 түрлі кәсіппен айналысуға мүмкіндік береді. 2,5% несиені 7 жылға береді. Бірінші жылы жеңілдік береді төлемеуге.
Ол да үлкен мүмкіндік. Оны да жастарға түсіндіруіміз керек. Несие алып, өз кәсібін ашса, жағдайын жасап, болашағына үлкен жағдай болушы еді.

“Жастар практикасы” деген бар, оқу бітіріп, жұмысқа тұра алмаса, мектепке немесе балабақшаға жұмыс практикасына қатысып сол жерде өзін жақсы көрсете алса, болашақта сол тұрақты жұмысы болып қалады.

Бір жылы практиканың жоспары орындалмай қалды. Себебін сұрасам ол жерде жалақы аз 103 000 теңге. Ия, аз шығар, көтеру керек шығар. 103 000 емес 203 000 болу керек шығар, жастарды сол жаққа қалдыру үшін. Болашақта маман болу үшін. Жалпы, осындай бағыттарда жұмыс жасалып жатыр.

Жақында қала әкімі қариялармен кездесті, біраз ұсыныс, пікірлер тыңдады.
Мен көбінесе мына ұсынысты айтып жатырмын: «Ташкент жақтағы жолда бау бар ғой, сыртынан қарасаң, көгеріп тұрады, бірақ қазір оған 60-70 жыл болды егілгеніне. Сол жерлерді қайта қарап, ботаникалық саябақ жасау жөнінде ұсыныс айттым. Ол жерде жазда да, қыста да демалуға болады. Бізде Дендропарктен басқа демалатын жер жоқ қой. Шымкенттің халқы 1 миллионнан асты.

Биыл Ордабасы командасы чемпион болды. Соған жаңа стадион керек, чемпиондар лигасына қатысады. Англия, Франция, Испанияның командасы келуі мүмкін.
Қаланың әкімі, Президентпен кездесіп келдім, қаладан жаңа стадион ашуға келісіп келдім,- деді. Мына стадионның өзі де керемет, жөнделсе жақсы. Сапалы, орналасқан жері де  жақсы-орталықта.

Бұл стадион 1967 жылы ашылған. Бірінші ойынды «Қайрат» пен «Торпедо» командалары ойнаған. Ол кезде 7 класта оқимын, Созақтан келіп ойынды тамашаладым.

Стадионға баратын Қ.Рысқұлбеков көшесі тым тар, көшеде жалғыз  біраяқтық тротуар. Былтыр «Ордабасы» командасының ойынына 25-30  мыңға жуық  жанкүйерлер қатысты. «Баяғы балалардың теміржолы бар емес пе, соны бір  қарастырып,   аяқжол жасап, сонымен барса дұрыс болатын еді»,- деп айтып жатырмыз.

Осының барлығы жастар үшін  жасалып жатқан тірлік. Жастардың болашағы үшін, біздің болашағымыз жастар ғой, соларға сенеміз, соларға  үміт артамыз. Еліміздің экономикасы өркениетті елдердің қатарында болу үшін жастарымыз білімді, оқуда озат, әрқайсысы жақсы мамандық алса, біздің үлкен жетістікке жеткеніміз болатын еді. Біз енді ақсақал, ардагер болып қалдық қой.

Қолымыздан келгенше жастарға осы бағытта жұмыс көрсетіп жатырмыз. Ассамблея жанындағы Түркістан облысындағы ассамблеяның ақсақалдар кеңесінің Төрағасы болып сайландым. Соған байланысты менің өз принципім  бар. Ол туындаған мәселені  халықпен кездесіп, сол жерде шешу.

Барлық жетістік, озат тәжірибе халықтан шығады, кабинетте отырып алып жаңашылдық, жаңа ой таптым деу қиын мәселе, бірең-сараңы ғана болмаса, барлық игілік, тәжірибелер, жақсылықтар, халықтың арқасында. Сондықтан халықпен жиі кездесіп,  тәжрибелерді жетілдіріп ары қарай дамытып, отырсақ соның өзі үлкен бір жетістік!

Өзіміз айтқандай жастарды отбасынан, жастайынан тәрбиесіне мән берсек…
Жұмыс, қызметте жүретін кісілердің көбінесе баласы осы жағдайға тап болады. Баланың тәрбиесіне мән бермейді. Сосын ол бала эгоист, өзін-өзі жақсы көретін бала болып өседі. Сондықтан жетілгеннен кейін, ата-ананың еңбегін елемейді, өзім жеке ата-анадан бөлек тұрсам дейді. Олар қатты қателеседі. Бұл салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, тәрбиемен келетін мәселе.

Жастайынан бастап осыған мән беру керек. Сол кезде бұл азаяды. Жастарды кінәламаймыз ғой, бірақ тәрбиенің өз дәрежесінде болмағанының нәтижесі осыған алып келіп жатыр деп ойлаймын мен. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігі балалар тәрбиелеу. Мектеп, балабақша бұның барлығы қосымша. Ата-ана оларға жақсы жол көрсетсе, жақсылық жасаса, тәрбиесіне мән берсе, сонда олар мұндай істемес еді, бұл менің ойым.

Созақбай Әбдіқұловпен сұқбатты жазып алған Ақжарқын Мықтыбекқызы,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

«Журналистика» мамандығының  2-курс студенті