Тіл туралы заңдылық сақталмайды

346

Шымкент қаласында 2183 коммерциялық нысан бар. Осы нысандар ҚР Тіл туралы Зыңдылығын қаншалықты сақтап отыр? Қала әкімдігі осы мәселеге байланысты БАҚ өкілдерімен арнайы рейд ұйымдастырды. Басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгерген Оңтүстіктің ордасы-Шымкент қаласындағы коммерциялық нысандар ҚР Тіл туралы Заң талаптарын орындауға келгенде енжар. Мұны қалалық әкімдіктегілер де мойындайды.

Досанғали Ертаев, Шымкент қ. мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілі: «Қаладағы нысандардың иелері ҚР Тіл туралы Заңның талаптарын білмейді емес, біледі. Тек соны орындауға келгенде тым салақ. Қанша ескерту жасалады. Құнттаудың жоқтығынан өкінішке орай қателер мен заңбұзушылықтар тиылар емес».

Мәселен, қаланың қақ ортасындағы «Кең Баба» саябағындағы мына жарнама баннеріндегі қазақ тілінде жазылған қатені қалай ұғуға болады? Мемлекеттік тілге деген менсінбеушілік пе сол баяғы салғырттық па? «Кіші пицца» деп жазудың орнына «киші пицца» деп өзінше жарнама баннерін ілген кәсіпкер мемлекеттік тілді меңгермеген немесе басқа да себебі бар секілді.

«Бұл дегеніңіз барып тұрған сауатсыздық. мемлекттік тілге деген құрметтің жоқтығы. Басқа қалай деп атауға болады?! Біз бұл нысанға 3 күн уақыт бердік. Егерде ескерілмесе, тиісті шара көретін боламыз»,-дейді әкімдіктегілер.

Қалай десек те, қаладағы 2183 нысанның 1918 арнайы рейдтердің нәтижесінде қатесін түзеген,дейді жауапты мекемедегілер.
Қалада қадам аттаған сайын маңдайшалар мен тақтайшалардағы қатеден аяқ алып жүре алмайсыз. Әкімдіктегілер рейдтерді күн сайын жүргіземіз деп ауыз толтырып айтуда. Бірақ коммерциялық нүктелер түгілі мемлекеттік нысандардағы қателердің азаймағаны қайран қалдырады.