Шымкент полицейлері тұрмыстық зорлыққа тап болғандармен жұмыс істеуді үйренуде

172

Жыл сайын қазақстандық 15 мың әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Мәселен, жыл басынан бері Оңтүстіктегі ішкі істер департаментіне әлімжеттік шағымымен 240 жәбірленуші келіпті. Осыған байланысты бұл жағдайды өзгертуге қоғамдық көшбасшылар талпынып көрді.

Өзінің 7 жылдық жұбайлық өмірін Гүлнар азапты жылдарға балайды. Себебі, күйеуінен көрген қорлық пен мазақ оның шыдамының шегіне жеткен еді. Зәбір көрген келіншекті жолдасы бүлдіршінімен қоса қуып шыққан.

«Сарыағаштан келдім. Баламнан басқа ештеңе алып кеткен жоқпын. Туған туыстарыма рахмет. Әзірге соларды паналап жүрмін. Қайда барсам да ладымен құжаттарымды сұрайды. Ал менің құжаттарымды ала алмай жүргенім мынау»-дейді Гүлнар.

Гүлнар қолдауды Сана сезім орталығынан көрді. Мұнда жыл сайын мыңдаған әйел күйеуінен зәбір көргенін айтып келеді. Үкіметтік емес ұйым зорлық-зомбылық көрген жандарға ғана емес, онымен бірге жұмыс істейтіндерді де тиісті ақпараттармен құлағдандырады.

Мұндағы оқыту ойын секілді. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері күн сайын қиындыққа тап болған нәзік жандылардың шағымын қарайды. Ал «Сана Сезімнің» тәжірибелі жаттықтырушылары кез келген шырғалаңнан шығудың жолын үйретеді.

Енді полицейлер мен үкіметтік емес ұйым бірге жұмыс істейтін болды. Оларды әсіресе статистика көрсеткен сан алаңдатуда. Мәселен былтыр жұбайынан қорлық көрген 6 мыңнан аса әйел арызданыпты.

Алма Серғазиева, ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа күрес басқармасының аға инспекторы: » Соңғы кездері мекемемізге  қорлық көрген әйелдер жиі шағымданады. Бұл бізге деген сенімнің артқанын білдіреді. Мәселен, 2010 жылы 2741 нәзік жанды арызданса, 2011 жылы 6969 әйелге әлімжеттік көрсетілген».

Орталықтың 25 қызметкері енді күйеуінен зәбір көрген әйелдерге психологиялық көмек беруге дайын. Қызметкерлер үшін жаттығу жұмыстары әлі де жалғасады.