Оңтүстікте су басу қаупінің алдын алу мақсатында тағы бір жаңа су қоймасы салынбақ. Бұл туралы Оңтүстік сушар мекемесінің директоры Сембай Сейсенов мәлімдеді.
Бұл нысан Көксарай контрреттегіші тәріздес Сырдария сағасының төменгі бөлігінде орналасатын болады. Қыс мезгілінде өзеннің осы бөлігі 600 текше метр судан артық өткізе алмайды. Сондықтан, арнадан асқан су сол маңдағы елді мекендерге қауіп төндіреді. Қосымша салынатын су қоймасы осы қауіптің алдын алады.
Бұған дейінгі есеп бойынша нысанның сыйымдылығы 400 миллион текше метрге арналған. Құрылыс барысында оның көлемі тіпті, екі есеге ұлғаюы мүмкін. Қазір жоба облыстық әкімдікте қаралу үстінде.