Шардара мен Көксарай су қоймаларындағы жағдай бақылауда

223

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Түркістан облысы бойынша филиалының өңірдегі метеостансаларында тіркелген мәліметтер бойынша наурызда 100-200 пайызға артық жаңбыр жауған.

Орталық гидрология департаментінен Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы аймақтарында беткей су ағыны есебінен өзендердегі судың деңгейі көтеріледі деген хабарлама таратылған.

«Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша  филиалының директоры Маханбет Жазықбаевтың мәлімеуінше: «Қаратаудан кіші және үлкен Бөгенге қарай аққан судың ағынынан онда судың деңгейі біршама көтерілді. Алайда бұл қауіпті емес. Өйткені тауда қар аз. Сонымен қатар, өңірдегі су қоймаларындағы жағдай да  біздің  мамандарымыздың  бақылауында. Көксарай су реттегішінде бүгінде 1 жарым млрд-тан астам текше метр су бар. Сырдариядан қоймаға секундына 300 текше метр су келуде. Әзірге бұл су қоймасынан Дарияға су ағызылмады.Шардара су қоймасына Өзбекстаннан 703 текше метр, Келес өзенінен 37 текше метр су келіп түсуде. Бүгінде Шардара су қоймасынан секундына 435 текше метр су жіберілуде. Қыстың жылы болуына байланысты Сырдария өзенінде мұз қатуы болмаған , сондықтан осы төңіректегі елдімекендерге қауіп жоқ».

Шынар Оразова