Шымкент жастары салауатты өмірді қалайды

312
семинар барысы

Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпағымыздың саулығы ұлтымыз үшін маңызды.

Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Шымкент жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Салауатты өмір салтын насихаттау, көп тараған аурулардың алдын алу» атты семинар қаламыздағы №65 мектеп-гимназияда өтті.

Қатира Қадырбаева, 65 мектеп-гимназияның  директоры: «Балалардың жаман әдеттерден аулақ болуы денінің саулығына әкеледі. Жастардың темекі тартуы неше түрлі ауруларға жол ашады. Сол себепті, темекі шекпеуге шақырамын».

Адамның саулығы қоғамның байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек дейді жастар жағы.

Меруерт Нұрғазы: «Жаспын деп жалындаудың орнына, жат әдеттерге жаны жақын құрдастарымды түсінбеймін. Бүгінгі ойланбай басқан қадамы, ертеңгі өмірін өшірмесіне кім кепіл?»

Совет Аманжол: «Адам ең бірінші өзін сыйлай білуі керек. Күнінің жартысын салауатты өмірге бағыттап, 2-3 сағат спортпен айналысса имунитеті көтеріліп, жақсы өмір сүретіні айқын».

Ал, дәрігерлер қауымы заты түгілі, атын атауға қорқынышты аурулар облысымызда жыл санап өршіп бара жатқанын айтады. Әсіресе, ғасыр індетімен ауыратындар саны көбейген, статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, дәл осындай жұқпалы дертпен айына 20-25 адам тіркеледі екен. Оған туберкулез дертіне шалдыққандарды қосыңыз.

Мойындау керек, жастар арасында сауатсыздықтың салдарынан жастай некесіз қарым-қатынасқа түсіп, түрлі дерттің өртін өршітіп алатындар көптеп кездеседі. Әрбір жас, өзінің қадамын өзі қадағалау керек.

Дені сау адам-қоғамның басты байлығы. Қоғамның денсаулығы бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру жолындағы басты тірек.