Шымкент орталығындағы ретсіз саудамен енді қалалық мәслихаттың депутатары күресуге шықты. Халық қалаулылары бұған дейін заңсыз сауданы жоюға шарасызбыз деп ақталған басқарма мен бөлім қызметкерлерінің қатысуымен Қазыбек және Төлеби көшесіндегі саудагерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Талапты орындамағандарға әкімшілік шара қолданылады.
Рейдтің мақсаты шара көру емес түсіндіру. Өкінішке орай, одан нәтиженің шығар-шықпасы белгісіз. Себебі, комиссияның құрамына енгізілген МАИ, өртке қарсы күрес, бір жолғы талон тарату орталығы секілді мекемелердің қызыметкерлері бұл жолы да өз міндетеріне немқұрайлық танытты.
Қазыбек би көшесінде рейд болатындығы туралы саудагерлерге алдын ала ескерту жасалғандай. Жолға жайғасқандардың саны кеміген. Ал базар маңындағы былықты айтып жеткізу қиын. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың үсті көлік тұрағына айналып, жасыл желекке арналған орын қоқыс қалдықтарына толған. Ал осы орындарды жалға беріп қалталарын жылытып отырғандар қоқыс қалдықтарын тазалау міндеттеріне кірмейтіндігін айтып ақталуда.