Заңсыз саудалар қала көркін бұзып тұр

317

Қаламыздың көркін заңсыз сауда орындары бұзып жатыр. Шымкенттік тұрғындар сайтқа осылай деп шағымданған болатын. Бір ғана Байтұрсынов көшесінің бойында саңырауқұлақтай қаптаған сауда дүңгіршіктері шаһардың тазалығына кері әсерін тигізуде. Ресми сайт пен жаңалықтар қызметіне хат жазған жерлестеріміз, тілшілерден осы тұсқа назар аударуды сұранған-ды.

Байтұрсынов көшесінің бойы шағын базарға айналған. Мұнда жаныңызға керектің бәрін жайма және шағын дүңгіршіктерден ала аласыз. Саудагерлер облыстық ғылыми-техникалық кітапхана маңына жылжымастай жайғасып алған. «Кітапханаға кіріп-шығу мұңға айналды, мәдени орын мәнін жоғалтып, айналасын «мини маркетке»-айналдырды»,- дейді кітапхана директоры Клавдия Петровна.

Клавдия Петровна, ғылыми-техникалық кітапхананың директоры: «Бір түнде мына дүңгіршекті әкеп қойды. Сыртқы көрінісі адам шошырлық. Қаланы көріктендіріп, ажарландырудың орнына заңсыз сауда нүктелерін орналастыру әділетсіздік. Менің сатушыларға жаным ашиды. Бала-шағаны асырау оңай емес, әрине. Бірақ, басқа жолы болу керек қой».

Ол дүңгіршек осыдан екі күн бұрын қойылған. Бұған кітапхана ұжымы мен Байтұрсынов көшесі №10 үйдің тұрғындары да наразы.

Валентина Буря, Байтұрсынов көшесі №10 үйдің тұрғыны: «Біз қалай өмір сүреміз? Айналамыз қоқысқа толы, ауламыз осы сауда нүктелерінен шыққан бөтелкеге толы».

Дүңгіршектің иесі Жанар Өнербаева деген азаматша екен. Ол бұған дейін де осы маңда көже мен квас сатқанын айтады. Яғни, үйреніп қалған орны.

Жанар Өнербаева, дүңгіршек иесі: «Мен рұқсатты әл-Фараби аудандық әкімдігінен және қалалық кәсіпкерлік бөлімнен алдым.10 жыл осы жерде сауда жасадым. Содан олар келіп, әкімшілкке барып, жеке кәсіпкер болып тіркелуімді айтты. Мен бардым, күйеуімнің атына тіркеттім. Құжаттарға 100 мың теңге кетті. Ай-сайын салық төлеймін. Мен мұнда есірткі сатып, заң бұзып жатқаным жоқ. Елбасымыздың өзі айтқандай, өз күнімді өзім көріп жатырмын».

Жанардың рұқсат алдым деп атын атаған билік органдарының барлығына бардық. Олар дүңгіршік қоюға рұқсат беретін құзырымыз жоқ деп отыр.

Марат Тәжібаев, әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі: «Біздің әкімдікте жер беру немесе дүңгіршек орналастырып беру құзыры жоқ».

Дана Күздеуова, Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:«Біз, Байтұрсынов көшесі ғылыми-техникалық кітапхананың алдына қойылған дүңгіршікке еш қатысымыз жоқ. Жер беру біздің құзырымызға кірмейді».

Ал Жанардың жүрек жұтып, дүңгіршікті өзі қоймасы анық. Оған қала көшелерінде күн санап саны артып отырған сауда орындарын қосыңыз. Заңсыз сауда орындарымен күресетін жауапты комиссия немесе арнайы бөлімнің жұмысын өзіңіз қорытындылай беріңіз. Тазалық үшін күресеміз деп айқайлаймыз. Екінші жағынан, рұқсат беріп, заңды бұзамыз.