Д. Исабеков, жазушы: «Қарағандыдағы оқиғаны 21 жыл бұрын жазғанмын»

583
"Енді қайттік?"

Көзбояушылық пен қағазбастылық жақсылық әкелмейді. Осыдан 21 жыл бұрын жазылған шығармада айтылған ой театр сахнасы арқылы көрермендеріне енді жетті. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры жазушы Д.Исабековтің «Енді қайттік» атты пьесасының премьерасын ұсынды.

1991 жылға дейін ел басқарған көсемдердің ауысуы сахнада көрініс табады. Одан соң, Қазақстан тәуелсіздік алып жаңарулар басталады. Осы кезеңде ауылдан қалаға жұмыс іздеп сабылғандардың саны азайту үшін тізгіндегілер өздігінше әдіске көшеді. Ол — ауылға көпқабатты үйлер салу арқылы қала мен ауылды теңестіру еді. Шаш ал десе бас алатындар бұл істі немқұрайлы атқарады. Ғасыр құрылысы деп айқайлғандар көпқабатты үйдің канализация жүйесін жүргізуді ұмыт қалдырған. Қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышын осы жайт бірден басты. Абыр-сабырға түскен тұрғындар, жергілікті биліктің былықтарын бірден жоғары жаққа шағымданып, көзбояушылықтың көзін құртып, оларды темір торға тығып тынды.

Еркін Шымырқұлов, аудан хатшысы рөлінде: «Мен сомдаған аудан хатшысы — қазіргі заманға лайық. Көрерменге ой салады деген ойдамын. Бүгінгі таңда еліміздің жеткен жетістіктерімен қатар, кеткен кемшіліктері де бар. Осы мен сомдайтын кейіпкер арқылы оны бірден ұғынуға болады».

Сол кезеңдегі асыра сілтеушілікті жазушы Дулат Исабеков қағаз бетіне «Социализм зәулімі» деген тақырыппен әңгіме етіп жазады. Елде емес, Мәскеуде әдеби газетке басылыпты да шығарма. Алайда ащы шындық бейнеленген әңгімені сахналауға енді ғана өзіміздің театр тәуекел етті. Спектакльдің режиссері ҚР халық әртісі Ерғали Уразымбетов.

Дулат Исабеков, жазушы, пьеса авторы: «Қарағандыдағы оқиғаны қараңызшы. Мен бұны осыдан 21 жыл бұрын жазып қойғам. Осындай дақпырттық пен көзбояушылықтың түбі ұлттық қайғыға әкеліп соғатынын да білгем. Сол кезде қала мен ауылдың айырмашылығын жоямыз деп зәулім үйлер салдық, уақытысында мақтанып. Бұл социалистік жүйенің ғана қолынан келеді деп мақтанып, 7-ноябрьге бітіруге асықтық. Ақырында біткен көпқабатты екі үйдің канализациясын ұмытып кеткен. Содан екі үйді қазып, астынан канализация жүргізді. Содан әлгі екі үй екі жаққа қисайды».

Бұрын ескерілмеген шығарма ертерек жарыққа шыққанда кейбір келеңсіздіктер орын алмас па еді деген ой келеді. Ал көз алдынан жүріп өткен көріністерден кейін көрермен қоғамдағы алауыздық, көзбояушылық өршіп тұрғанда мұндайлар жалғасатынын айтады.

Нүрипа Әшірбаева, көрермен: «Ия, бұл спектакль маған қатты ұнады. Қарқынды құрылыс пен ауылды жандандыру туралы көтерген тақырыбы қатты ұнады. Оған руға бөлінген біздің қоғамды ашық суреттегенін де қосуға болады. Рахмет, авторға да , оны сомдап шыққан актерларға да».