Кәріз жүйесі қақпақтарын қолды ету тиылмай тұр

319

Ашық қалған кәріз жүйесінің қақпақтары қалалықтар үшін қауіпті. Десе де, әлі күнге дейін темір қақпаққа құмартқандар қатары қалыңдамаса, азаймай отыр. Абайсызда кәріз жүйесінің ашық қалған шұқырына құлап, ауыр дене жарақатын алғандар бізге хабарласып, наразылығын ашына жеткізді. Әсіресе, Нұрсәт шағын ауданы мен 1-ші мамыр, Қабанбай батыр көшелері тұрғындарының өкпесі қара қазандай.

«Жүргізушілерден де, жаяу жүргіншілерден де обал болды. Көшеміз ұзына-бойы шұрық-тесік. Айта, айта жағымыз талды»,- дейді олар.

Қала көшелерінде абайлап жүрмесеңіз, аңдамастан ашық қалған кәріз жүйелерінің апанына түсіп кетуіңіз мүмкін. Әсіресе, түнде. Өйткені, кәріз жүйелерінің қақпақтарын ұрлауға құмарлардың қатары көп. Миша Паршин бірнеше күн бұрын нан сатып алмақ боп дүкенге шығып, үйге ауыр жарақатпен оралған. Сәтсіз жағдайдың салдарынан жасөспірім қақпағы қымқырылып аузы ашық қалған кәріз жүйесінің шұңқырына түсіп кеткен.

Михаил Паршин: «Мен дүкеннен шыққан бетте қасымда келе жатқан әйелдің иті маған бас салды. Артқа қарай шегінгенім сол еді, мен аузы ашық тұрған құдыққа түстім де кеттім. Мені шұқырдан бір ағай құтқарып алды. Миым шайқалып, қолым ауырсынып, қабырғаларым түгелдей зақымданды».

Темір терсекті тиын табудың тетігіне айналдырғандар 1-Мамыр көшесін көздеп алғандай. Мұнда ондаған кәріз жүйелері шұқырлары қақпақсыз қалған. Дәл осы көшеде балалар емханасы мен дүкені орналасқан. Оның үстіне жолмен кішкентай балғындар бала-бақшаға барады. Жергілікті тұрғындар кәріз жүйелері қақпақтарын ұрлайтындармен күресудің әдістерін енді өздері ойластыруда.

Паршин Виктор: «Ұрлайтындар ғана емес, соларға сұғанақтық үшін бар жағдайды жасап отырғандар кінәлі. Металл қабылдағыштар бүтін қақпақтарды алмайды дейді. Адамның ашуын келтіретін әңгіме. Бүтін қақпақты бір ұрып, күл-паршасын шығаруға болатынын бала білер. Сол себепті кәріз жүйелерінің қақпақтарының бір бөлшегі үшін миллион теңге айыппұл салу керек. Сонда ұрлық та тиылады. Темір терсек қабылдаушылар да мұндайға бармайтын болады».

«Су ресурстары» мекемесіндегілер Шымкенттегі кәріз жүйесі қақпақтарының жоғалуына үйреніп те кеткен сияқты. Алғашында кәсіпкерлікті қолдау бөлімінен кәріз жүйесі қақпақтарын қабылдағандарды лицензиясынан айыруды ұсынған. Кейіннен одан да келер қайран жоқтығына көз жетті дейді мұндағылар.

Рамазан Жанбағысов, орталық диспетчерлік қызметінің бастығы: «Негізгі назар кәріз жүйелерінің ақауларын жөндеуге аударылады. Ұрлық жасаушылармен күресе шаршадық. Сол кәріз жүйелері шұқырларының қақпақтарын қайта қалпына келтірудің орнына сол қаражатты сапалы сумен қамтамасыз етуге жұмсаған жөн емес пе?!»
Қабылданған қаулы бойынша, металл қалдықтарын қабылдаушыларға кәріз жүйелері шұқырларының қақпақтары, рельстер секілді темірлерді қабылдауға тиым салынған. Десек те бұл қағаз жүзінде ғана.

«Біздің қолдан келер қайран шамалы. Тек тиісті орындардың басын қосып дөңгелек столдар ұйымдастыру ғана біздің құзыретімізге кіреді. Барлық құжаттары заңды тұлғаларға не дейсің? Ал үстінен шағымы көп металл қабылдау орындарының лицензиясынан айыру мәселесін қарауға болады,»- дейді ОҚО кәсіпкерлікті қолдау департаментінің бөлім бастығы Рая Кохаева.

Биылдың өзінде Шымкентте 200 кәріз жүйесі қақпақтары ұрланған. Бірақ ешқандай әкімшілік іс қозғалмаған. Ал жыл сайын темірден тиын сауғандар 500 кәріз жүйесінің қақпағын қолды етеді екен.