Бір жағын түзегенімен, екінші жағы бұзылып жатыр. Көпшілікке Чапаевка атауымен белгілі Оңтүстік шағынауданында кәріз жүйелерін жаңалап жатқан жұмысшылар жолды бұзған. Осылай деп шағымданған жергілікті тұрғындар жер асты құбырларын ауыстырып жатқан мекеменің ауыр жүк көліктері жаңадан жөнделген жолдарды тас-талқан етті дейді.
Өтемісов пен Ташкент көшелері жуырда ғана жөндеуден өткен болатын. Көршілердің айтуына қарағанда, жол тек жеңіл көліктердің қатынауына ғана арналған. Ауыр жүк көліктерінің жолды бұзғаны былай тұрсын, тіпті, кептеліске де себеп болуда дейді көлік жүргізушілері.
Қазір мұнда кәріз құбырлары ауыстырылып, жөндеу қызып жатыр. Бұл жұмыстар наурыз айының басында аяқталады деп күтілуде. Тұрғындардың наразылығынан Еңбекші аудандық әкімдік өкілдері де хабардар. Олар орын алған олқылықтарды ретке келтіруге уәде етіп отыр.
Ал жергілікті тұрғындар бұл уәде орындалмаса, құзырлы орындарға шағымданамыз дейді.