«Металлург» стадионындағы бассейн қайда кетті?

318
бассейннің есігі жүзу спортының шеберлері үшін мәңгі жабылды

Кеңес одағы кезінде ашылып, сол уақытта талай спорт шеберін дайындаған «Металлург» стадионы бүгінде жекеменшік қолға өткен. Бұл спорт ордасының жағдайы мемлекеттік органдарды алаңдатпайтын секілді…

Осыдан бір айдай уақыт алдын «Отырар» арнасының түсіру тобы стадионның жағдайымен танысу мақсатында «Металлургқа» барған еді. Талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген стадионның бүгінгі тұрысы қуантпағаны сөзсіз. Ал бассейн тіптен жабылып қалған болып шықты. Алғашында құрылыс жұмыстарын көріп, қуанып та қалғанды. Алайда бассейн алынып тасталынып, оның орнына жасанды шөп төселген футбол алаңшасы болатынын сол жердегі құрылысшылар айтып қалды.

Телеарнаның заңгері арнайы хат дайындап, «Южполиметалл» АҚ-ның басшылығына жолдаған болатын. Ол жерде бассеиннің бүгінгі жағдайы жайында және де жүзу спортымен шұғылданып жүрген жеткіншектердің ертеңгі күні қалай болатыны жайында мәлімет қажіттігі айтылған еді. Алайда, 20 күннен бері хабар жоқ.

Бассеиннің жабылғанын естіген қала тұрғындары да редакцияға қоңырау шалуда. Солардың бірі Анастасия Прилепа. Жүзу спортының халықаралық дәрежедегі спорт шебері бүгінде Лондон Олимпиадасына жолдама үшін таласуда. Бассейннің жабылғанын естіген чемпион бойжеткен енді кішкентай балғындар қайда барып жаттығады деп сары уайымға салынуда.

Анастасия Прилепа, жүзуден Олимпиада ойындарына қатысушы: «Бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Өйткені қаладағы әрбір бассейннің біз үшін маңызы зор. Ал ол бассеин болса, төбесі жабық болатын. Ол дегеніміз кішкентай балалар үшін өте қажет. Менің өзім де кезінде жаттығатынмын сол жерде. Не себепті жабылып қалғаны белгісіз. Әрине, өкінішті-ақ».

Әлібек Нұртаев, ОҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқарма бастығының орынбасары: «Елбасының жолдауында бұқаралық спортты дамытып, спортпен шұғылданатындардың көрсеткішін 30 пайызға дейін жеткізу жайында айтылған болатын. Бұл мақсатты іске асыру үшін бізге «Металлург» секілді спорт ордаларының бар болуы аса маңызды. Бұл күндері де арнайы хат дайындап, спорт ордасын мемлекетке қайта өткізуін сұранбақпыз. Мемлекетке қарасты болса ол жерде талай спортшыларды дайындауға мүмкіндік ашылар еді. Алайда әзірге қолымыз қысқа».

Бассеин 1995 жылы жекменшікке өтіпті. Соңғы жылдары стадионды мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс түскен. Алайда, бұл мәселе әлі де қаралу үстінде. Ал Шымкенттің мыңдаған спортшылары жаттығу базасын іздестіруде. Жүзу спортының жеткіншектері тіптен үлкен спортпен қош айтысып та жатыр. Өйткені спорттық база жеткіліксіз. Ал ұзын құлаққа сенссек, «Металлургтағы» төбесі жабық бассеин жай қоймаға айналмақ…