Оңтүстікте Ауған соғысына кеткен баласын үш отбасы күтуде

Арада 29 жыл өткенде Ауған жерінен тек сүйегі жеткен жауынгер Алексей Зуевті таяуда ғана тауып, арулап жер қойнына тапсырғанда жоғымыз табылды деп қуандық. Жоғалған 20 қазақстандық сарбаз бір санға азайды. Дегенмен хабар-ошарсыз кеткен азаматтың о дүниелік болғанын туыстарына жеткізу оңай болған жоқ, әрине. Енді ауған жерінде жүріп, жоғалған 19 сарбаз қалды. Ал оның 3-уі ОҚО-ның азаматы. Түлкібас ауданынан Талғат Төлендиев, Түркістаннан Ергешов Абдулхаким және Шымкенттен Юрий Мисжанов деген азаматтар.

Негізінен 1979-1989 жж. болған Ауған соғысында 22 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Соның 924-і сонда қаза болып, 20 жігіт белгісіз қалған болатын. Табылғанның бірі А.Зуев.

Руслан Аушев, ТМД Үкіметтері басшылары Кеңесі жанындағы жауынгер-интернационалистер Комитетінің төрағасы: «Бұрын Кеңес Одағы кезінде із-түзсіз кеткен 266 сарбаз болса, соның 186-сының ғана толық ақпараты бар. Іздеу операциясы кезінде сол септігін тигізді. Әйтпесе, табылғандардың ДНК-сын әке-шешесі, бауырларыныкімен салыстыру керек. Көбінің туысқандары белгісіз.

Туысы белгілі жоғалған жауынгердің бірі Талғат Төлендиевтің анасы осы хабарды есіткеннен бері көк жәшіктен көз алмайтын болған. 18 жасында әскерге аттанып, сол кеткеннен мол кеткен азаматы биыл бұйыртса 50-ге толар еді. Әскери комиссариат жолдаған қара қағазға сенген жоқ. Ұлым келеді деген жүрегінің үніне құлақ түрді. Түлкібастың тұрғыны Сырға апаны іштегі шер жегідей жеді. Саулығына селкеу салды. Қан қысымы басына шапқан ана енді 10 жылдан бері Шымкентте тұрады. Қыздың қолында.

Сырға ТӨЛЕНДИЕВА, Талғат Төлендиевтің анасы: «Баламды 20 жылға дейін өлдіге санаған жоқпын. Тірі деп, басқа балаларымның санына қосып, тіріге пітір бердім. Келеді деп үміт етіп, күттім. Жиырма жылдан кейін енді өлі деп Құдайы беріп, садаға беретін болдым.  Не көріп кетті дейсің ол сорлы. Ана сүті аузынан кетпеген байғұс. Менің ойымша, ұлым сондағы өзендердің біріне өз еркімен батып кеткен сияқты. Себебі, қасында бірге борышын өтеген жолдастарының айтуынша, жаудың қолына түскеннен суға батып кеткен дұрыс дегенді көп айтатын көрінеді. Кім біледі, бір күні тұтқынға түспес үшін ойындағы әрекетін әске асырған болар. Бірақ мен ұлымды әлі де тірі деп сенем. Ғұмыр бойы жолын тосуға бармын».

Кейуананың уайымын ауғандық жауынгерлердің Шымкенттегі ұйымы жақсы түсінеді. Із-түзсіз кеткен үш оңтүстікқазақстандық азаматты іздеуді тоқтатқан емес. Пәкістанда жатыр дейді тағы бір сарбаз. Бірақ ондағы саяси ахуалдың қазір ушығып тұруына байланысты біздікілер уақытша бара алмауда.

Шәріпбай ӨТЕГЕНОВ, Республикалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы: «Жоқ адамды тірі не өлі екенін білу өте қиын. Сондықтан мұсылман болсын, христиан болсын, жоғалған жігіттердің туыстары олардың артынан діни рәсім жасай ма жоқ па, соны білмей дал болады. Әрине, жауынгердің сүйегі елге жеткізілгеннен соң не істеу керек екенін білесің. Бірақ мұның өзі көңілді бұзады. Өйткені, кім ұлының мәйітін көргісі келеді дейсіз. Дегенмен, үміт артқан адамдардың үмітін жалғау үшін жұмысымызды тоқтатпаймыз. Айтады ғой, «Соғыс ең соңғы мәйіттің сүйегі табылмайынша бітпейді деп. Сондықтан біз бұл сөзді толық қолдаймыз, қуаттаймыз. Ауған соғысына қанша уақыт өтсе де біз бұл ісімізді жалғастыра береміз».

Бұл күндері Сырға апай, Талғатының тек суретіне ғана телміреді. 20 жылға дейін тіріге санаған ұлының артынан соңғы жылдары ғана құран бағыштап жүр амалсыз. Бірақ үміттің оты кеудеде маздап тұр. Соғыс атын естісе, шошына, жиіркене қарайды ол сөзге. Өйткені Ауғаныстан – жүрегіне жара салған аяусыз.