Ауған соғысының аяқталғанына – 34 жыл

345

Ауған соғысының аяқталғанына 34 жыл толды. Осыған орай дәстүр бойынша Абай саябағында ардагерлер бас қосты. Жиында соғыста қаза тапқан майдандастарына арнап гүл шоқтары орнатылып, құран бағышталды.

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Осыған орай Ауған соғысына қатысқан ардагерлер жиналып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Қан майданнан аман оралған Бақыт Көлбайұлы 18 жасында шайқас алаңына аттанған. Ол сұрапыл соғыстың аяқталуы әрбір майдандасы үшін үлкен қуаныш болғанын айтады.

Бақыт Көлбайұлы, Ауған соғысының ардагері: «Әр жыл сайын әскердің шыққан күні біз үшін үлкен мейрам. Әр жыл сайын жігіттермен жиналып, жолдастарымызға құран бағыштап, сол кезде еске алатын күндер бұл. Біз үшін бұл жеңіс күні»

Шымкенттен 700-ден аса азамат қан майданға аттанған. Олардың бәрі де әскер қатарында жүріп, от пен оқтың ортасынан бірақ шыққан жандар. Соның ішінде 21 жерлесіміз елге қайта оралмады. Бүгін сол азаматтардың рухына құран бағыштап, тағзым етіліп жатыр.

Ғалымжан Майханов, Шымкент қалалық Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:«Үрдіске сай Ауған соғысында қаза тапқан жігіттердің рухына бас иіп, құран бағыштап жатырмыз. Біздің біраз азаматымыз сонда қайтыс болды. Одан бері де арамыз сиреп барады. Сол кезде көрген қиындығымыз, қазір біртіндеп ауру болып шығып жатыр»

Қазір қаламызда 400-ге жуық ауған соғысының ардагері тұрады. Олар әр 15 ақпанда Абай саябағына жиналып, еске алу рәсімін өткізеді. Сонымен қатар биылдан бастап ардегерлер құрметіне грек рим күресінен халықаралық турнир өткізу қолға алынған.