Оңтүстікте тоғыз кешкі мектеп бар

787
кешкі мектеп

Кеңес дәуірінде орта білім беру дәстүріне мойынсұнбай, мінез-құлқы қиын немесе үлгерімі нашар оқушыларды әдетте, кешкі мектепке ауыстырып, немесе орталау білім курсын аяқтаған соң кәсіптік училищелерге жіберетін. Ал, қазіргі таңда кешкі мектептерде кім оқиды?

Біздің облысымызда тоғыз бірдей кешкі мектеп бар. Соның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Біз арнайы барған, №2 кешкі мектепте 502 адам оқиды екен. Оның 214-і 10-сынып негізінде білім алса, 292-сі 11-сынып бітірушілері. Оқушыларға кәдімгі күндізгі мектептегі бағдарлама бойынша үш тілде білім беріледі.

Қоғамда кешкі мектепте оқитындарды не бұзықтардың не үлгерімі нашар оқушылардың қатарына қосатын жансақ пікір қалыптасып қалған. Алайда, мұнымен мамандар келіспейді.

Айнұр Сұлтанова, №2 кешкі мектептің директоры:«Бізге келіп оқитындардың қатарында әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар басым. Тұрмыстық жағдайларына байланысты мектепті тастап кетеді. Сосын оларға орта білім бар деген куәлік керек болады. Сондықтан болар, біздің оқушылар аптасына үш күн оқиды, қалған күндері күнделікті жұмыстарын істеп, отбасына көмектесе алады. Үлгерімдері де жаман емес».

Ия, отбасының әлеуметтік жағдайын ойлап, әлеуетін түземекке кіріскен балдары мектепті тастап, жұмыс істейді. Тыс болмаса орта білім алуды ойлайтын олар, осығанда тәубе деп отыр.

Әсем Тұрап, №2 кешкі мектептің оқушысы: «Мен үйдегі жағдайға байланысты осында оқимын. Анама көмектесемін, сосын сабаққа келіп, жұмысымды жалғастыра беремін».

Гүлбану, №2 кешкі мектептің оқушысы:«Мен 11-сыныпты денсаулығыма байланысты бітіре алмадым. Енді осы кешкі мектепте орта білімімді аяқтап жатырмын».

Данияр,№2мектептің оқушысы: «Ата-анама көмектесіп жатырмын. Күндізгі мектепте олқуға шамам жоқ. Отбасындағы жағдайға байланысты осындамын. Мұғалімдер жақсы, сапалы білім алып жатырмын деп ойлаймын».

Кешкі мектептің бітірушілері кәдімгі түлектер сияқты ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алады. Алайда биылғы 292 бітірушінің ешқайсысы жоғары оқу орнына түсуге талапты емес. Олардың жолын тағы да жоқтық байлап отыр.