Балалар үйіндегі жағдай облыс басшысының көңілінен шықпады

510

Өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Шымкенттегі  «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, орталықтағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайымен танысты. Бүгінде аталған мекемеде жасы 3-тен 18-ге дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар 252 мүгедек бала арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз етілуде. Оларға 300-ге жуық маман емдік шараларын жасап, тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Орталықтың жағдайымен танысқан облыс әкімі мекемеде балалардың ғимарат ішіндегі еркін қозғалуына мүмкіндік беретін пандустың жоқтығын сынға алды. Сонымен қатар, ондағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегеніне, балалар үшін қажетті жағдайдың жасалмағанына куә болды.

Бейбіт Бәкірұлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның жұмысына көңілі толмай, аталған олқылықтарды тез арада жоюды тапсырды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі басқарма басшысына орталыққа келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.