Сәбит Оразбаев, халық әртісі: «Пальто тіге аламын»

585

ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев сахнада, кинода таудай образдарды талай сомдап, қазақ өнеріне тың тыныс әкелген тұлға. Асқар Тоқпановтың тәлімін алып, «Қан мен тердегі» Сүйеу қартты, Әбілхайыр хан мен Бұхар жырауды, қарт Сүйінбайды ойнап, өнерде өзіндік қолтаңбасы бар актер Сәбит Қоңырбайұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Өмір жолы мен өнер кеңістігі жайында өрбіген сол әңгімемізді оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

– Сәбит аға, Сайрам жерінен арман қуып Алматыға барған бозбала шағыңызда малдәрігерлік институтына оқуға түсіп қойған жеріңізден консерваторияға қайта құжат тапсырып, өнер жолын таңдағаныңыздан хабардармыз. Бүгінде ел таныған қазақ өнерінің марқасқа тұлғасысыз. Өнер майданында жүріп, осы таңдауыңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
– Иә, оқу тауысып, ауылға мал дәрігері болып келсін деп, ағаларым Алматыға жіберген болатын. Ауылдағы малдың «тәуібіне» көңілдері толмайтын. Содан, екі айдай жүріп, аталған оқуға түстім. Сонда да өнер деген мені қоймады ғой жайыма. Бір күні консерваторияға барудың сәті түпесі бар ма?! Құдай-ау, қандай жұмақ деймін ғой мен. Біреу баянда, біреу пианинода, енді бірі домбыраның құлағында ойнап жатыр. Осының бәрі менің өнерге деген құштарлығымды арттырып жіберді. Ол кезде шығармашылық емтихандар кешеуілдеп өткізілетін. Содан құжаттымды қайтып алып, консерватория студенті болып шыға келдім. Жалпы, өнерге деген құлшыныс адамға қанмен беріледі емес пе ?! Менің де өнерді жаныма жақын тұтуыма анам Апақайдың әсері қатты болды. Әуезді, әсем дауысымен анам әдемі ән айтатын.

-Сіздің актерлік, әншілік өнеріңізден өзге, жас кезіңізде киім тігіп, оператор жұмысын атқарғаныңызды баспасөз беттерінен оқығанбыз. Одан қалса, суретке түсіру қабілетіңіз тағы бар. М.Әуезов атындағы академиялық театрының мұражайындағы фотосуреттердің 70 пайызға жуығы сіздің қолыңыздан шыққан көрінеді. Нағыз қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіті болған екенсіз…

-Біздің жас кезімізде заман басқа болды ғой. Күнкөріс өте қиын еді. Тіршіліктің тауқыметі бойымдағы еңбексүйгіштігімді қамшылап, кезінде киім тіккенім де рас. Бізді демеп, қолдап, қуаттап, саясына паналатар жан болған жоқ. Әкем ертерек дүниеден өтті. Алақанға салып аялар ағаларымның бәрі де Отан соғысынан оралмады. Басқа түссе, баспақшыл емес пе?! Үйрендік, кәсіп еттік, күнімізді көрдік қой. Жалпы, осы сұрақты жорналшылар жиі қояды. Кейбіреулер: «Атағыңыз дардай. Осы бұрынғы тігіншілігіңізді айтып қайтесіз?» деп жатады. Ондайларға менің айтар жалғыз жауабым мынау: «Тігіншілік те өнер. Өнерді үйрен де жирен деген». Балаларға, жанымдағы жора-жолдастарыма, туған-туысқанға да киім тіккенмін.

Тіпті, пальтоға дейін тіккен көрінесіз…

-Иә-иә. Пальтоға дейін тігіп үйренгенім рас. Бірақ, оның ұсақ шаруасы көп. Кейін қойып кеттім. Мен анамды ауылдан ерте алып кеткем. Оқудың бір жылынан соң-ақ ауылдағы ағайындар «Анаң жалғыз, қыс болса, қатты боп жатыр. Қар күрейтін адам керек. Ауылға қайт» деп мазамды ала берген соң, жазғы демалыста келіп, анамды Алматыға алдым да кеттім. Бүкіл ауыл болып, соғысқа шығарып салып тұрғандай, бізбен қоштасып жатты. Оқуды бітірдім. Сосын, осы өңірден түлеп ұшқан ірі қайраткер Құманбек Жандарбеков Алматыдағы опера және балет театрында директор боп тұрған кезі. Құрманбек ағамызбен танысып, жұмыс сұрап бардым. Көпшілік сценаларға қатысатын болдым. Суретке түсіретінім бар, театрдағы жұмысым, киім тіккеннен түсетін табысым бар, әйтеуір біреуден ілгері, біреуден кейін боп, күнімізді көрдік. Анам қолымда тұрды, 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.

– «Қазақфильм» киностудиясы сіздің өмір белестеріңіз жайында «Өмір-дастан» атты жарты сағаттық деректі фильм түсірді. Жақында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырып өткізген деректі фильмдердің фестивалінде сіз туралы сол фильмнің де алғашқы көрсетілімі болды. Жалпы, сол фильм көңіліңізден шықты ма?

– Мұны түсірген жас мамандардың бұл тырнақалды туындысы. Соған қарамастан әп-әжептеуір дүние жасаған. Мөп-мөлдір, жаныңды тебірентер, нәзік жасалынған. Көңілімнен шықты деп айта аламын. Фильмнің продюссері – менің қызым Жанар Тұрыс.

-Бәрекелді! Сәбит аға, әңгімемізді шәкірт тәрбиесі туралы ойларыңызбен өрбіткенді жөн көріп отырмын. «Ұстаздық еткен жалықпас» деп Абай сөзімен айтсақ, сізді талай-талай шәкірт тәрбиелеген тәжірбиелі ұстаз ретінде де танитындар көп. Шәкірттеріңіз жайында не айтасыз? Бүгінгінің жас актері туралы қандай пікірдесіз?

-Өнер институтында да, театр жанындағы студияда да сабақ бердім. Менің шәкірттерім республиканың барлық облыстарында, жер-жерлерде өнер саласында еңбек етуде. Өнерден қол үзіп, басшы қызметке кетіп қалғандары қаншама?! Әнші жігіт Нұрлан Өнербаев та менің шәкіртім.
Бүгінде заман өзгерді. Қазіргі жас актерлердің сахнадағы ана тілінде сөйлеу мәнеріне, ән салуына көңілім толмайды. Жау қуғандай асығып сөйлейді. Сөздері анық емес. Қазақта өнердің төресі – сөз өнері емес пе?! Сөзді қадірлеп, қастерлеген халықпыз. Бүгінгі жас актерлер сөздің мәнін, қадірін ұғына білсе деймін.

– Оңтүстік Қазақстан облысында зейнет жасынан өткен, спектакльге сиректеу қатысатын, жасы келген өнер адамдарын жұмыстан шығару керек деген мәселе көтерілген болатын. Өнерге жастарды тарту мақсатында. Мәселен, бір ғана қазақ театрында 13 әртіс жұмыстан кетуі керек деген де мәселе де көтерілген болатын. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?

– Мен оны естімеппін. Не де болса, бұл театрдың өз ішкі қазаны ғой. Елбасы бізге мемлекеттік степендияны тапсырып тұрып «Мен сіздерге мүмкіндіктің бәрін жасап жатырмын. Сондықтан да өнерден қол үзбеңіздер» деген болатын. Ойланып жүрген мен осы сөздерден кейін ширап, бойымды тіктеп алдым. Өнерге, жұмысқа деген құлшынысым арта түсті. Қайтадан қуаттандық. Мүмкіндігінше, әрине, аға буынның театрда жұмыс істегені жақсы. Мәселен, Хадиша Бөкеева апамыз жасы жүзге жақындағанда дүниеден озды. Бірақ, өмірінің соңына дейін театрдың штатында болды. Біздің театрда ең үлкені Асанәлі екеуміз. Нүкетай Нүшбаева замандасымыз да бар. Қазір сол, шалдардың рөлін ойнап жүрміз ғой. Жас буынның кәсіби шыңдалуына біз секілді қарт әртістердің үйретері, берері мол деп ойлаймын. Махамбеттің бір өлеңінде де былай дейді ғой:
Еліңде қарияң болмаса,
Жастарың болар диуана-ай.
Бір сынаған адамды,
Екінші қайтып сынама.
Тіршілікте сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама-ай.

– Иә, Махамбеттің отты жыры қашанда айтар тұсын орып түскен ғой. Сәбит аға, сіз сомдаған образдарыңыздың ішінде бағыңызды жағып, Оразбаев атын ел аузына салғаны қайсы?

-Маған осы сұрақты қойған сайын, мен шынында да дәл жауап беруге қиналам. Мен 200-ге жуық рөлді ойнаппын. Бәрі де көкірегімнен жарып шыққан, перзенттерім сияқты. Бірақ, менің даңқымды аспанға көтеріп, сыншылар тарапынан жақсы бағаға ие болған ролім – «Қан мен тердегі» Сүйеу шалдың рөлі. Мен бұл рөлді жап-жас жігіт шағымда сомдадым. Марқұм боп кеткен әріптесім Фарида Шәріповаға «Ана-Жер анадағы» Толғанайдың рөлін режиссер бойжеткен кезінде берген болатын. Сонда ренжіп, Фариданың жылағаны есімде. Соған қалжыңдап күліп жүрген менің басыма да жаңағыдай жағдай түспесі бар ма?! Дегенмен, сәтті шыққан дүние деп есептеймін. Бірақ, жастайымнан шалдың рөлін ойнаймын деп, тым ерте есейіп кеткен сыңайлымын.

– Сәбит аға, сіздің, сондай-ақ, соңғы жылдары «Көшпенділер,» «Біржан сал» фильмдеріне түскеніңізді білеміз. Бірақ, көрермен емес, белгілі киногерлердің өзі «Қазақта кино жоқ» деген пікірді кесіп айтып жүр. Сіз не дер едіңіз?

– Қазақ киносы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кенжелеп қалғаны белгілі. Бәрі қаржыға тірелген заман ғой. Бірақ, қазіргі таңда қазақ киносы қанаттанып келеді. Кино көп. Көбісі түсініксіз. Шетелге еліктей ме, қазаққа түсініксіз қалыптағы кино басым. Жаңағы өзің айтқан «Біржан сал» фильмі «Қыз Жібектен» кейінгі ауыз толтырып айтар, нағыз ұлттық нақыштағы, қазақи бояуы қанық көркем фильм. Бұл фильмді жасаушылардың талай-талай жоспарлары, бағдарламалары бар. Міне, осы сынды жоспарлар жүзеге асып жатса, қазақ киносының көркейеріне көзім жетеді.

– Сәбит аға, қазақтың киносы, жалпы өнері дәйім өрге жүзсін деп тілейміз. Сіз секілді ағалардың бұл мақсатта берері мол. Аман болыңыз. Сұхбат беріп, уақыт бөлгеніңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген – Жанар Есенбекова